Атырауда бұрынғы әйелін бопсалаған ер адам соталды
Атырауда қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бас бостандығы шектелген ер адамға қатысты сот үкімін өзгертті. Сотталушы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында бұрын бас бостандығы шектелген ер адамға қатысты қылмыстық іс апеелляциялық тәртіппен қаралды, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Сотталушы мен жәбірленушінің арасындағы заңды неке бұзылған. Олардың кәмелетке толмаған ортақ некедегі 5 баласы анасының қамқорлығында қалған. Неке бұзылғаннан кейін жұбайы әпкесінің үйінде тұрған. Ер адам сол үйдің ауласына заңсыз кіріп, жуынатын бөлменің терезесінен олардың жалаңаш бейнесін бейнежазбаға түсірген. Келесі күні ол бұрынғы жұбайын нотариусқа шақырып, сол жерде одан ортақ үй құнының бір бөлігін беру туралы қолхат жазуды талап еткен. Ал бас тартқан жағдайда түсірілген бейнежазбаны интернет желісінде таратамын деп қорқытқан. Жәбірленушіні қолхат жазуға мәжбүрлеп, өзінше билік еткен», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Бірінші сатыдағы сот тағайындаған жаза сотталушының жеке басына, істің мән-жайларына және жасалған құқық бұзушылық әрекеттеріне сәйкес келмейтіні анықталған. Жәбірленушінің айтуынша, сотталушы құқық қорғау органдарының өзіне және оның балаларына жақындамау туралы бұйрығына қарамастан, үкім шығарылғаннан кейін де оған тыныштық бермеген. Өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жасап, оны аңдып жүрген және балағаттаған.
«Қазіргі уақытта ішкі істер органдарымен сотталушыға қатысты баласын өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу бойынша қылмыстық істің тергеліп жатқаны анықталды. Сот баяндалғандарды ескере отырып, үкімді өзгертті. Сотталушы ҚР Қылмыстық кодекстің 389-бабының 3-бөлігімен нақты 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сот залынан қамауға алынды. Жәбірленушінің апелляциялық шағымы қанағаттандырылды», - деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметінен.