Байланыс операторларына 165 млн теңге айыппұл салынды
БҚО-да 70-ке жуық ауыл интернетпен қамтылып, сапасы жақсартылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
БҚО цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерғали Ержановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Батыс Қазақстан облысында барлығы 413 елді мекен болса, соның 307-сінде интернет қолжетімді.
Оның сөзіне қарағанда, дауыстық шақыруларды қосқанда, 350-ге жетеді.
Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Орал қаласы мен ауылдарды байланыс және интернет желісімен қамту туралы Жол картасы бекітілген. Жол картасы аясында нақты көрсетілген мерзімдерге сәйкес байланыс операторлары интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылы адам саны 250-ден асатын қалған 8 ауыл қамтылмақшы.
Ерғали Қуанышбекұлының айтуынша, 2023 жылы Орал қаласы мен 87 ауылда мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жоспарланса, күні бүгінге дейін 68 елді мекеннің 28-інде жаңа базалық станция орнатылды. 39 ауылда 4G стандартын қосу арқылы интернеттің сапасы жақсартылды.
Жыл соңына дейін 2 ауылда мобильді байланыс сапасы жақсартылады, қалған 17 елді мекен келесі жылға ауыстырылды.
«Биыл өңіраралық байланыс инспекциясы нысандарға бару арқылы байланыс операторларының қызметтің сапа көрсеткіштеріне сәйкестігіне қатысты жоспардан тыс 63 тексеру жүргізді. Барлығы 25 ауылда және Орал, Ақсай қалаларындағы тексеріс нәтижесінде 165 млн теңге айыппұл (өткен жылы – 46 млн теңге) салынды», - дейді Е.Ержанов.
Оның мәліметінше, Цифрлық даму министрлігі тарапынан «Қолжетімді интернет» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Орталық органдармен келісілгеннен кейін жоба бекітілмек. Мұндағы мақсат – халық пен бизнесті жоғары жылдамдықты интернетпен қамту.
«Ұлттық жоба аясында облыста 234 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылмақшы (2024 жылы – 44, 2025 жылы – 71, 2026 жылы – 78, 2027 жылы – 41, барлығы 733 нүкте қосылмақшы). Оған қоса сол ауылдардағы әлеуметтік нысандар мен тұрғындарды кең жолақты интернетпен қамту қарастырылған. Адам саны 50-ге жетпейтін 44 ауылға спутниктік технология арқылы интернетпен қамту бойынша ұсыныс берілді», - деді Е.Ержанов.