Бала кезден көлік жөндеп жүрген студент «Жыл адамы» атанды
«WorldSkills Kazakhstan-2023» байқауының жеңімпазы Роберт Мифтахетдинов келер жылы Францияда өтетін жарыста ел намысын қорғайды. Студент жыл соңында Ақтөбе облысының «Жыл адамы» атанды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Роберт Мифтахетдинов Ақтөбе автожол колледжі автомобильдерге техникалық қызмет көрсету, пайдалану және жөндеу мамандығының 3 курс студенті.
Биыл колледжішілік, облыстық «WorldSkills – 2023» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Кейін республикалық жарыста да үздік шықты. Ол кішкентайынан көлік жөндейтін әкесінің жанында жүріп, техниканың қыр-сырын үйреніп алған. Бұл жолғы конкурста Роберт көліктің ақауын анықтап, оны жөндеуде еш мүдірмеді.
- Бала күнімнен көлік жөндеймін. Әкем үнемі мені жұмысына ертіп кететін, жанында жүремін. Соған қарап үйрендім. Қазіргі кезде маған да осы жұмыс ұнайды. Ол кісі – кәсіби слесарь. Алдағы уақытта мен де кәнігі маман болғым келеді. Көліктің бар қыр-сырын үйреніп, автожөндеу орталығын ашуды ойлап жүрмін. Байқау кезінде көлік қозғалтқышын және өзге де бөлектерін жөндедім. Электр диагностика жасадым. Ол үшін үш ай бойы дайындалдым, - деді Роберт Мифтахетдинов.
Байқау жеңімпазы енді келер жылы күзде Францияда өтетін жарыста ел намысын қорғайды. Оған дейін Роберт электромобильдің құрылысын үйренуі тиіс. Сол үшін де Алматыға барып, сол жақта дайындалады.
- Мен көліктің қай жері бұзылып тұрғанын анықтаймын, оны жөндеймін және іске қосамын. Міндетім – осы. Бізде электромобиль жоқ, сондықтан Алматыға барып, шеберлігімді шыңдаймын, - деді ол.
Роберт Мифтахетдиновтің сарапшысы әрі Ақтөбе автожол колледжі директорының орынбасары Ерлан Сафин шәкіртінің ерекше қабілетін айтып берді.
- Роберт көліктегі ақауды табуды біледі. Оған әрине, ойлау жүйесі керек. Қолы икемді болуы қажет. Болашақта өз ісінің шебері, жақсы маман боларына сенемін. Алдағы уақытта бұдан да жақсы жетістікке жетеді. Жоспарымыз біріншіден, ағылшын тілін меңгеру, электромобильдердің құрылысын оқып үйрену керек. Себебі келесі жарыста осы талаптар бар, - деді Ерлан Сафин.