Қазақстан жаңалықтары26 сәуір 2024, 12:55

Баспанасы құлап қалған кейбір ақтөбеліктер дайын үй сатып алуға өтініш берді

Ақтөбе облысы Темір ауданында 91 үй мен кәсіпкерлік нысанға су кірген. Бұл ауданда 21 үй салынып, 29 отбасы дайын үй сатып алатын болды. Темір ауданының Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші және Шитүбек ауылдарындағы 91 үй мен кәсіпкерлік нысандарына, кейбірінің ауласына су кірді. 4 ауыл бойынша 29 отбасы дайын үй сатып алуға келісім беріп отыр. Ал 21 отбасы үй салып беруге өтініш білдірді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Сонымен бірге бұл ауданда 40 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Темір ауданы Саркөл ауылдық округінің Құмсай ауылына барды. Мұнда су басқан үйлерді, әлеуметтік нысандарды аралады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Суға кеткен үйлерді қарап шықтым. Бұрынғы орнына қайта салу мүмкін емес. Сондықтан анықталған жер учаскелеріне табиғи апаттан зардап шеккендерге тұрғын үйлер бой көтереді. Ауылда қалмаймын дейтін жандар болса, дайын пәтерлерді сатып алып береміз. Ал әрбір адамның еңбегімен тапқан дүние-мүлкіне Үкімет бөлек төлем әзірледі. Оны комиссия анықтайды. Қазір мамандар облыс бойынша әлі де жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, ешкім де көмексіз қалмайды, барлық қолдау көрсетіледі. Бастысы ауызбіршілік керек, сонда ғана еңбек өнімді болады», - деді Асхат Шахаров.

Темір ауданы Құмсай ауылында енді қорғаныс бөгеті салынады. Ұзындығы 2,7 шақырымдық бөгет салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Қазіргі кезде сараптамадан өткізіліп жатыр. Сонымен бірге осы комиссияға ауылдың 3 тұрғыны қосылады.

Ақтөбе Тасқын үй салу өтініш

Тақырыпқа жаңалықтар