"Бетін тілгілеген". Ұзынағашта балаларды қорлаған ер адам ұсталды
Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балаларға шабуыл жасап, соққыға жыққан күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Кәмелетке толмаған балаларға шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта ол аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторында отыр, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, күдікті Алматы облысы, Қарасай ауданында ұсталды. Тергеу барысы менің жеке бақылауыма алынды. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес жария етуге жатпайды», деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы облысында белгісіз ер адам төрт баланы ұрып-соғып, азаптап жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Telegram-дағы арналардың бірінде бұл оқиға Алматы облысының Жамбыл ауданында болғаны жазылған.
«Белгісіз ер адам төрт кішкентай баланы байлап, ұрып-соғып, азаптап, пышақтаған. Полицейлер күдіктіні анықтап, оны ұстау шараларын жүргізіп жатыр», делінген жазбада.