Чехияға жұмысқа барамын деп жарты миллионынан айырылған.
Таразда алаяқтар шетелге жұмысқа орналасқысы келетіндерді Чехияға жіберемін деп алдаған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Тараз полициясына 48 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, интернет алаяқтардың құрбаны болғанын айтты.
Instagram желісінде Чехияға жұмысқа орналасу туралы хабарландыруды көріп, сілтеме бойынша өтіп, әлеуетті «жұмыс берушілерге» хабарласқанда, оған құжаттары мен жұмысқа рұқсат алу үшін 500 мың теңге төлеу керек екенін айтқан. Ол ақшаны көрсетілген есепшотқа аударғаннан кейін "жұмыс берушілер" онымен байланысын тоқтатқан", - дейді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.
ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел-іздестірумен Жамбыл облысы ПД «Киберпол» арнайы тобы мен екінші қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады.
Ол Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
Кінәсін толық мойындады, тергеу жүріп жатыр.