ChatGPT-дің қазақ тіліндегі үлгісі
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жасанды интеллект» ғылыми зерттеу институтының ғалымдары ChatGPT чат-ботының қазақ тіліндегі үлгісін жасады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ғалымдар мемлекеттік тілдегі жасанды интеллект жүйесін бес ай ішінде әзірледі. ChatGPT чат-ботының отандық аналогі үлкен көлемдегі деректерді талдап, сұрақтарға жауап береді, мәтін құрайды, сонымен қатар қазақ тілінің барлық морфологиялық және синтаксистік ережесін біледі.
«Біз қазақ тілінде бірінші ірі LLM тіл үлгісін жасадық. Жүйе нейрондық желі архитектурасы негізінде қазақ тіліндегі кез келген мәтінді түсінуге және өз біліміне сәйкес жауап беруге қабілетті. Біздің ChatGPT прототипіміз қазақ тілінің ережесін түсініп, әріптер мен буындар, сөздер мен сөйлемдер арасындағы барлық тізбекті есте сақтайды. Сонымен бірге синтаксистік және грамматикалық тұрғыдан дұрыс әрі пайдаланушының сұранысына сай келетін дәрежеде жауап береді», деді «Жасанды интеллект» ғылыми зерттеу институтының директоры Әлібек Барлыбаев.
Ғалымдар аталған жүйеге әдеби шығармалар, нормативтік құжаттамалар мен ғылыми материалдарды дайындау бойынша тәжірибе жүргізген. Енді олар жасанды интеллект моделін білім беру үрдісіне қолдануды ұсынбақ. Чат-боттың білімін қажетті ақпаратты нақтылау үшін пайдалануға болады.
«Мектеп оқушылары емтиханға дайындалғанда тестегі кейбір ақпаратты, мәселен, математика теңдеуі немесе химиядағы терминді түсінбеді делік. Олар оны өздері нақтылағысы келеді. Бірақ қасында мұғалім болмайды. Сондай кезде балалар жүйеге сұрақ қойып, тез және қысқа жауап алады. Содан кейін қосымша сұрақ қоя алады. Бұл технологияны жалпы білім беретін курстарды жиі оқитын бастапқы курстардың студенттеріне де пайдалануға болады», деді PhD докторы Ә.Барлыбаев.
Бүгінде ІТ саласындағы ғалымдар мен мамандар жобаның техникалық және серверлік мүмкіндігін нығайтып, одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.