Депутат: Автобустарда жүргізушіні оқшаулайтын шарбақ орнату керек
Астана мәслихатының депутаты Сәуле Самидин елордадағы маршруттық автобустарда жүргізушіні жолаушылардан оқшаулайтын шарбақ орнатуды ұсынды, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Жаңа автобустар сатып алған кезде жүргізушілердің қауіпсіздігін ескерсеңіздер деген өтініш айтқым келіп отыр. Жолаушының жүргізушіге қол жұмсауынан апат болып, адам өлімі тіркелгені сияқты жайттарға жол бермеуіміз керек. Шетелдерде жүргізушіні жолаушылардың шабуылынан қорғайтын шарбақтар бар. Бұл мәселені ерте бастан, қазірдің өзінде ойластыру керек», - деді депутат.
Еске салсақ, желтоқсан айында Алматыдағы №47 бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан үш адам қаза тапты. 4 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген еді.