Диқандарға жеңілдетілген несие беріледі
Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс, жиын-терім науқанына орай аграрларға берілетін несиені қаржыландыруды бастады. Бюджеттік кредит аясында 15 млрд теңге мөлшеріндегі несие берудің бірінші кезеңін «Аграрлық несие корпорация» АҚ жүзеге асырады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу мақсатында жеңілдетілген кредит беру үшін бас-аяғы 140 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл кем дегенде 2 млн гектар алқапқа егін егуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама бойынша диқандарға кредит 2025 жылдың 1 наурызына дейін беріледі. Оның ішінде негізгі қарыз бен сыйақы сомасының 50 пайызын 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін, қалған 50 пайызын келер жылдың 1 наурызына дейін рәсімдеуге болады. Аграрларға арналған несие жылдық 5 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша беріледі. Несиені өтеу кестесі шаруалардың қарыз шарттарын жасасу кезінде жеке тәртіппен қарастырылады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жеңілдетілген несиені өңірлерде екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары және өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы жүзеге асырады.Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау шарттарына өзгерістер енгізген болатын. Енгізілген өзгеріс қарыз алушы үшін қиындық тудыратын мән-жайлардың басталуына байланысты сыйақы мөлшерлемесін төлеу және (немесе) негізгі борышты өтеу бойынша кейінге қалдыру мерзімін 10 айдан 24 айға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Түзетулер осы жылдың 15 қаңтарында күшіне енді», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
«Кең дала» көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына кредит беру бойынша жеңілдетілген бағдарламасы бюджеттік кредитті қайта құрылымдайды. Бұл бағдарлама қатысушыларына 2023 жылғы қарыздарын айыппұл санкцияларын қолданбай-ақ төлеу мүмкіндігін береді.