Донорға төленетін ақшаны 5 есе көтеру ұсынылды
Сенатор Ақмарал Әлназарова өзінің депутаттық сауалында Қазақстанда қан донорларын қолдаудың кемшіліктерін айтты. Осы орайда ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
Депутаттың айтуынша, елімізде жыл сайын 250 мыңға жуық адам донор болады, оның 47 пайызы тұрақты донор саналады.
Донор болған жан қан бергеннен кейін, ағзаның энергия шығынының деңгейін толтыруы керек.
Ол үшін донорларға арнайы төлем — 0,25 АЕК (923 теңге) төленеді.
Сенатордың пайымынща, бұл сома адам ағзасындағы микроэлементтер мен калорияға деген қажет деңгейді қалпына келтіру және анемияның алдын алуға тым жеткіліксіз.
«Ерікті донорлардың денсаулығы тиісті түрдегі қолдауды қажет етеді. Ұсыныстарға сәйкес, донор қан тапсырған күні анемияның алдын алу үшін тиісті рационда тамақтанып, жоғалтқан килокалория мен микроэлементтердің орнын толтыруы керек. Қазіргі кезде қан доноры қан берген кездегі күш-қуаты шығынының өтемақысы ретінде 0,25 АЕК (923 теңге) алады. Бұл мәселе 10 жыл бойы бірнеше рет көтерілсе де, оған назар аударылмай келеді. Осы ретте, Үкіметтен донорларға өтемақыны 0,25-тен 1,25 АЕК-ке дейін (4615 теңге) тиісті түрде ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Қосымша бюджет қаражаты — жылына 848 млн теңге», — деді Ақмарал Әлназарова.