Қазақстан құжаттары 90 елде жарамды
Фото: Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары22 қазан 2024, 11:00

Қазақстан құжаттары 90 елде жарамды

Maqsut Narikbayev университетінде электронды апостиль жүйесін (E-Апостиль) әзірлеу мен енгізуге арналған халықаралық форум өтіп жатыр. Орталық Азия аумағындағы алғашқы конференцияны Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясы ұйымдастырған, - деп хабарлайды Arbat.media.

ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, Қазақстан 1999 жылы Гааганың апостиль конвенциясына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы ел болды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Осының арқасында Қазақстан аумағында шығарылған құжаттар апостиль арқылы куәландырылады және осы конвенцияға қол қойған барлық елдерде танылады. Бұл қатысушы елдер арасында ресми құжаттарды тануды едәуір жеңілдетті. Сауданың дамуына, тәжірибе алмасуға және елдер арасындағы көші-қонға ықпал етті.

«Электронды апостиль құжаттарды электронды форматта заңдастыруға мүмкіндік беретін және маңызды практикалық үлес қосатын әртүрлі бастамаларға жол ашады. Бүгінгі кездесу цифрландыру және мемлекеттік қызметтер саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам саналады. Қазақстанның осы Конвенцияға кіруі біздің мемлекеттік қызметтерімізді халықаралық қатынастардың жаһандық жүйесіне интеграциялауға көмектеседі, бұл процесті анағұрлым оңай және қолжетімді етеді», — деді Әділет министрі конференцияның ашылуында.

2021 жылы Қазақстанда электронды апостильдеу жүйесі енгізілді. Бұл құжаттарды заңдастыру процесін жеңілдетуге және осы саладағы заңнаманы жақсартуға мүмкіндік берді.

Қазақстанда 9 мемлекеттік органға апостиль қою құқығы берілген, соның ішінде Әділет министрлігі, Бас прокуратура және басқа да органдар бар.

e-Apostille электронды жүйесі апостильденген құжаттардың электронды реестрін жүргізу және электронды апостильдерді жасау үшін енгізілген. Сондай-ақ, e-Government (egov.kz) порталы арқылы өтініш беріп, қызметтерге төлем жасауға болады.

2021 жылдан 2024 жылға дейін апостильдеу бойынша 604 508 қызмет көрсетілді, оның ішінде 36 244 — электронды апостильдер. Апостильденген құжаттардың саны бойынша Түркия, Корея, Германия, АҚШ елдері көш бастап тұр.

Гаагадағы халықаралық жеке құқық жөніндегі конференцияның Бас хатшысы Кристоф Бернаскони апостиль конвенциясына бүгінде әлемнің 127 елі қол қойғанын айтты.

«Бұл ең кең ратификацияланған конвенция. 2021 жылғы форумнан бері конвенцияға тағы 8 ел — Индонезия, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Сенегал, Қытай, Канада, Руанда және жақында ғана Бангладеш қосылды», — деді К. Бернаскони.

«Электронды апостильді қолданудың негізгі мақсаты — шетелде азаматтарымыздың құқықтарын қорғау. Электронды апостильдің өзі — бұрын берілген құжатты заңдастырудың жеңілдетілген түрі, осылайша оның заңды құжат екенін растайды. Бұл құжаттар Гаага конференциясына қатысушы 90 елде заңды деп танылады. Бұл біздің азаматтар үшін өте ыңғайлы — шетелде жүрген кезде де, Қазақстанға қайтпай-ақ, электронды апостиль арқылы қажетті құжаттарды онлайн форматта алып, оларды заңдастыруға мүмкіндік береді», — деді Азамат Есқараев.

Электронды апостиль Қазақстан 90 ел жарамды

Тақырыпқа жаңалықтар