Енді ректорлар ұзақ жыл қызметінде отыра алмайды
Елімізде ректорлардың қызмет мерзіміне қатысты өзгеріс болады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Парламент Мәжілісінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден кейбір жоғары оқу орындарының ректорлары тым ұзақ мерзім басқарып келе жатқаны туралы сұрақ қойды.
«Ерлан Сыдықовтың Еуразия ұлттық университетіне ректор болғанына биыл 13 толады екен. Бұл мерзім тым ұзақ емес пе?» деп сұрады тілші.
Өз кезегінде С. Нұрбек енді ректорларлы тағайындау қағидаты өзгеретінін айтты.
«Жалпы, біздегі ұлттық университеттер ректорларының мерзімін үш жылға базалық келісімшарт бойынша ұзарту мүмкіндігі бар. Шын мәнінде, 13 жыл мерзім — ұзақ. Сондықтан қазір ректорларды тағайындау ережелерін пысықтап жатырмыз. 14-15 наурызда арнайы республикалық комиссияның отырысы өтеді. Сол жерде жаңа қағидаттар қабылданбақ», — деді С. Нұрбек.
Бұл тұрғыда ол ректорлардың қызметін екі мерзімнен артық ұзартпау ұсынысы бекітілетінін айтты.