Қазақстан жаңалықтары2 қараша 2023, 14:10

Equilibrium Capital Қазақстанда үш инвестициялық қор құрады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанмен Ақордадағы кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдемеде Астана халықаралық қаржы орталығына бауырлас елдің алғашқы компаниясы тіркелгенін мәлім етті, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Келесі аптада Астанада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді.
Тағы бір маңызды бағыт – көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Біз Транскаспий дәлізі аясында бірлескен жобаларды іске асыру жолдарын жан-жақты талқыладық. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттықтың жандануына тың серпін береді деп үміттенеміз. Сондай-ақ, атом энергетикасы, су ресурстарын басқару, сирек кездесетін металл өндіру саласында мол мүмкіндік бар екенін атап өттік. Қаржы саласындағы байланыстар да қарқынды дамып келе жатыр. Жақында Equilibrium Capital компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығында шетелдік қорларды басқару мәртебесіне ие болды», - деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, бұл осындай мәртебеге қол жеткізген Мажарстанның алғашқы компаниясы.

«Кәсіпорын жасыл энергетика және денсаулық сақтау саласындағы жобаларды қаржыландыра алады. Компанияның Қазақстанда үш инвестициялық қор құруға ниеті бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеше кешке Виктор Орбанды Астана әуежайында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қарсы алған болатын. Қазақстан басшылығымен келіссөз барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр.

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтеді. Оған Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, ұйымға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.

Equilibrium Capital инвестициялық қор

Тақырыпқа жаңалықтар