Ербаян Мұхтардың дәрігері әсерлі жазба жариялады
Марқұм Ербаян Мұхтардың дәрігері Ұлпан Советбековна әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Дәрігер өз жазбасында Ербаянның ауыр жағдайына қарамастан, өмірге деген үмітін жоғалтпағанын айтты. Оның сөзінше, әр кездескен сайын Ербаянның жанарынан сауығып кетуге, болашаққа және қайтадан қалыпты өмірге оралуға деген сенім байқалған.
«Адам баласы ауырсынумен қалай өмір сүре алады? Үнсіз төзіп, күтіп, үміттеніп, күн сайын алға қадам жасап, қайтадан қорқынышсыз, шектеусіз өмірге оралуды армандайды. Дәл осы сезімдерді мен Ербаянның көзінен әр кездескен сайын көретінмін», – деп жазды дәрігер.
Ұлпан Советбековна Ербаянның жүрегі тоқтағанын жазып, бұл қайғыны сөзбен жеткізу қиын екенін жеткізді.
«Өкінішке қарай, кеше түнде оның жүрегі тоқтап қалды. Болған жағдайдың қайғысы мен әділетсіздігін сөзбен жеткізу өте қиын. Мен оның ғана емес, жақындарының да жан азабын көрдім», – деді ол.
Дәрігердің айтуынша, ем барысында әрбір кішкентай жетістіктің өзі үлкен қуаныш сыйлаған. Мамандар мен жақындары Ербаянның аяққа тұрып кететініне сеніп, үміттенген.
«Біз жоспар құрдық, сендік, үміттендік. Бірақ тағдыр басқаша шешті», – деп жазды ол.
Ұлпан Советбековна Ербаянды қайсар, батыл, мейірімді әрі жарық жан деп сипаттады. Оның сөзінше, Ербаян әскерге үлкен үмітпен аттанатын көптеген жас жігіттің үніне айналды.
«Соңына дейін күрестің және нағыз рух күшінің қандай болатынын көрсеттің. Мен үшін сен жай ғана пациент емес едің. Күн сайынғы еңбегіміз сенің бір күні қайтадан аяққа тұрып кететініңе деген ортақ үмітпен өтетін», – деді дәрігер.
Ол Ербаянның енді арамызда жоқ екенін қабылдау өте ауыр екенін айтып, марқұмның жаны тыныштық тапқанына сенгісі келетінін жеткізді.
«Бүгін жүрегімде үлкен бос кеңістік қалды. Сенің енді арамызда жоқ екеніңді қабылдау өте ауыр. Бірақ қазір сен ауырсыну мен азаптан ада жерде тыныштық таптың деп сенгім келеді», – деп жазды Ұлпан Советбековна.