Қазақстан жаңалықтары21 наурыз 2024, 8:12

Ерлан Тұрғымбаевтан Қаңтар оқиғасына қатысты жауап алынды

Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан Қаңтар оқиғасына қатысты жауап алынды. Дегенмен генералға қатысты қылмыстық істің қозғалғаны туралы ақпарды ешкім растамай отыр. Көптен бері тасада жүрген экс-министрдің жайын оның қызмет орнын басқан қазіргі бас полицей Ержан Сәденов те айта алмады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Тексеруді ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан жоқ. Сондықтан қай іс, қай бап, мен бұл туралы түсініктеме бере алмаймын. Бұл жерде жауапты органдар тергеуді бастады. Сұрақты соларға қойыңыздар. Жұмыс істеген кезде араластық, қазір байланысым жоқ, деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов. 

Бас прокуратура Қаңтар оқиғасы кезінде тергеу изоляторына түскен азаматтарды азаптауға қатысты күш құрылымдары қызметкерлерін тергеп-тексеруді жалғастырып жатқанын хабарлады.

Бүгінде облыс полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің біқатар басшылары темір торға тоғытылған.

Ал Тұрғымбаев осы эпизодтарға қатысты әзірге тек түсініктеме беріпті.

Бұған дейін экс-министрге қатысты «Қызметін асыра пайдалану» бабы бойынша тергеу басталды деп ақпарат құралдары жарыса жазған.

Естеріңізге сала кетейік, генерал Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен өз еркімен кетіп, кейін президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

2019 жылдан бастап ол үш жыл ішкі істер министрі лауазымын атқарған.

қаңтар Ерлан Тұрғымбаев Қылмыстық іс

Тақырыпқа жаңалықтар