Қазақстан жаңалықтары12 наурыз 2024, 12:34

«Майқайыңалтын»: Қайғылы оқиғаның болғанына екі айдан аса уақыт өтті

«Майқайыңалтын» АҚ кенішіндегі қайғылы оқиғаның болғанына екі айдан аса уақыт өтті. Құтқарушылар алғашқы күні екі құтқарушының мүрдесін жер бетіне көтеріп алып шыққан еді. Алайда өзге екі азамат сол күйі табылмай жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Бұған дейін құтқарушылар кеніш ойығына құлаған автобусты іздеу жұмыстарын ақпан айы­ның басында тоқтатып, «Май­қайыңалтын» АҚ шұңқыр түбіне ауыр техника өздігінен жүріп баратындай жол сала бастаған. Алайда жуықта Майқайың кенішіндегі жер қазу жұмыстары толықтай доғарылып қалғаны жайында ақпарат тарады. Құрдымға құлаған автобусты іздеу жұмыстары не себепті тоқтатылғаны туралы «Май­қайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин бізге былай деп түсіндірді:

– Ақпан айының басында құтқару­шылар барлық ке­рек-жарағын жинап, іздеу жұмыс­тарын тоқтатқаны мәлім. Біз жер астында жатқан қос азаматтың туыстарының өтінішін ескеріп, жер қазу жұмыстарын өз күшімізбен жалғас­тырамыз деп шештік. Ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеялар кеңейтіліп, ойықтың түбіне дейінгі аппарелі тереңдетіле бастады. Бұл жұмысты үш аптадан аса жүргіздік. Алайда мұндай іс-ша­раларды жүргізу үшін әуелі жер қазу жұмыстарының жобасы әзір­ленуі керек еді. Оны біз­бен тұ­рақты байланыс орнатқан бір фир­ма бастапқыда жасап бере­міз деген. Олар мәселені зерде­лей келгенде, жағдайдың аса күр­делі екенін ескеріп, жауап­кер­шіліктен бас тартты. Фирма өкіл­дерінің айтуынша, жер қазу жұмыстары барысындағы қауіп­сіздікті қамтамасыз ету өте қиын. Ал жобаны әзірлеуші компания ол жауапкершілікті арқалағысы келмейді. Сәйкесінше, біз жұмыс­ты одан әрі жалғастыра алмадық. Болмаған соң сырттан мамандарды шақырып, ойықты көрсеттік. Олар осы бетпен қаза берсеңіздер, ойықтың айна­ласындағы топы­рақты босатып, жағдайды мүлде ушықтырасыңдар деп ескертті. Босаңсыған топырақ кез келген сәтте жарылып, жер астына түсіп кетуі мүмкін. Бұған дейін құтқарушылар автобус құлаған жерде, яғни шұңқыр астында терең құрдымдар пайда болғанын ескерткен. Ауыр техника шұңқыр түбіне түссе онсыз да қопсып тұрған кен жыныстары оның салмағын көтере алмай, опырылып түсуі мүмкін. Бұдан адам шығыны болуы да ықтимал. Осы жағдайлардың барлығын ескере келіп, ақпан айының соңғы аптасында біз бастапқы шешімімізді өзгерттік. Ал іздестіру жұмыстары алдағы уақытта жалғаса ма, жоқ па, оны айта алмаймын. Себебі бұл біздің құзырымыздағы мәселе емес, дейді кәсіпорын басшысы.

Бұған қоса ол қазіргі күні өнді­ріс орны Қонаев атындағы тау-кен ісі институтымен байланыс орнатып отырғанын мәлімдеді. «Оқу орнында тау-кен ісін жетік білетін мықты ғалымдар бар. Олардың көмегімен алтын кенішін толық тексеріп жатырмыз. Шахтамыздағы кен өндіру ісі 4 қаңтардан бері толық тоқтап тұрғаны мәлім. «Алдағы уақытта кеніштегі жұмыстарды қайта жалғастырсақ, жер астындағы шахталар қаншалықты қауіпсіз болады, қызметкерлеріміздің өміріне қауіп төнбеуі үшін не істей аламыз» деген сұрақтарға ғалымдармен бірге жа­уап іздестіріп келеміз. Мамандар барлық жағдайды есептеп, қосымша зерттеулер тағайындады. Бұл іс-шаралардың барлығы 30 наурызға дейін аяқталуы керек. Содан соң барып, кеніштің келешегі шешіледі», деп тарқатты әңгімесін Қ.Ботин.

Ал өңірлік төтенше жағдайлар депар­таменті бұған дейін кеніштегі жұмыстарға жұмылдырылған қызметкерлер мен техникалар толықтай өз қызмет орындарына қайтып оралғанын хабарлады. Қажет болған жағдайда департамент мамандары Майқайыңға көмекке бара алады.

Бүгінде «Майқайыңалтын» АҚ-ның шах­тадан өзге құрылымдық бөлімше­лерінде, соның ішінде кен байыту комбинатында жұ­мыс толық штатта жалғасып келеді. Кәсіпорын бойынша шамамен 250-дей адам мәжбүрлі еңбек демалысында. Бас директор олардың қызмет әрекеті шахтамен байланысты болғандықтан тоқтап тұр деп сендірді. Қызметкерлерге жылдық орташа айлық жалақысының 50 пайыз көлемінде еңбекақы төленіп жатыр.

 

 

Майқайыңалтын Қайғылы оқиға екі ай Іздеу жұмыстары

Тақырыпқа жаңалықтар