Қазақстан жаңалықтары20 шілде 2024, 11:34

Миллиард теңге таудай қоқысты реттей ала ма?

Елімізде 207 аудан мен қалалардың 130 елді мекені қалдықтарды бөлек жинаумен, ал 103 елдімекені сұрыптаумен айналысады. Жергілікті атқарушы органдар ақпаратына сәйкес, жыл сайын елімізде 4 млн тоннадан аса коммуналдық қалдық жиналады. Былтыр елімізде 4,32 млн тонна коммуналдық қалдық жиналса, оның 996 мың тоннасы (24%) қайта өңделген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Мемлекет басшысы Үкіметтің ке­ңей­тілген отырысында инвесторларды тарта отырып, ірі қала­ларда қатты тұрмыстық қал­дық­тарды қайта өңдеу зауыт­та­рын салу жөнінде тапсырма берген. Наурыз айында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ірі қала­ларда қатты тұрмыстық қал­дық­тарды қайта өңдеу зауытта­рын салу мәселесі қаралды. Эко­ло­гия және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қалдықтарды басқа­ру саласындағы жобаларды жеңілдік­пен қаржы­ландыру тетігі бекітілді. Бұған қоқыс таситын көліктер сатып алу, сұрыптау желілерін іске қосу және қайта өңдеу кәсіпорындарын құру жобалары кіреді.

«Қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау және өнім алуға ба­ғыт­талған министр­лік­тің өз мін­деттемелері бар. «Жасыл» эко­номикаға көшу тұжырым­дама­сына сәйкес 2030 жылға қарай ком­муналдық қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткішін 40%-ға жеткізу жұмыстарын қолға алдық. Үкімет бағдарлама әзірледі. Мұның ішін­де қалдықтарды басқару са­ла­­сын­дағы жобаларға 3%-бен, 3 жыл­дан 15 жылға дейін несие беріледі», дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қал­дықтарды басқару депар­таменті ком­муналдық қалдықтар басқармасының басшысы Абылай Әлмұқанов.

Мемлекеттен алдағы үш жылға 185 млрд теңге шамасын­да қаржы қарастырылып отыр. Министрлік пен әкімдіктер бірлескен түрде 94 жобаны жүзе­ге асыруды жоспарлаған. Оларды іске асыру арқылы төсемтас, люк, қоқыс жәшігі, шыны ыдыс, стрейч пленкаларын және басқа да халық тұтынатын тауарлар шығаруды жолға қоюға мүмкіндік туады.

Айталық, осы 94 жобаның ішінде 28-і қоқыс шығаратын техника сатып алуға бағытталған. Сондай-ақ қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан асатын сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлер арқылы 21 жоба пысықталыпты. Жобаларды іске асыру кезінде сұрыптау желілерінің қуатын қазіргі 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін жеткізуге, әрі еліміздің барлық өңіріндегі қалалар мен ірі елді ме­кен­дерді қамтуға мүмкіндік береді.

Қатты тұрмыстық қалдықтар­ды қайта өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асатын жаңа 37 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 8 зауытты жаңғырту көзделген. Бұл өңдеу көлемін жылына 1,4 млн тоннаға дейін арттыруға себін тигізеді. Аталған жобалар ірі қалаларда ғана емес, аудандарда да іске асырылады. Атап айтқанда, әкімдіктермен бірлесіп Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Степногор, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Талдықорған, Орал, Қарағанды, Қызылорда, Рудный, Қостанай, Ақтау, Жаңа­өзен, Екібастұз, Шардара, Жез­қазған қалаларында және Іле, Байзақ, Талас, Қаратал, Көксу, Қарақия, Мақтаарал, Сарыағаш, Созақ, Сайрам аудандарында қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыт құрылысы басталады.

«Мұның барлығы жергілікті ат­қарушы органдармен бірлесе жүр­гізіледі. Әрбір жоба Үкімет пен салалық министрліктің бақылауында. Мәселе туындаған жағдайда шешімін табуға тырысып жатырмыз. Екіншіден, жергілікті әкімдіктермен сөйлесе отырып, қай өңірге қандай қал­дықтарды өңдеуге, сұрыптауға қатысты жоба қажет екенін зерттеп, соны ғана пулға енгіздік. Жалпы, экологиялық кодекске сәйкес, бұл саясатты жүзеге асыру негізінен жергілікті атқарушы органдарға жүктелді. Әрине, бұл жерде әр өңірдің қаржылық және басқа да жағдайы бірдей емесі белгілі. Мысалы, бір облыс­та сұрыптау жұмыстары жақсы болғанмен, полигондары нашар. Болмаса, қоқыс полигондары дұрыс болғанмен, сұрыптау немесе қайта өңдеу жағында кемшілік бар. Бірақ салаға қызығушылық танытып отырған инвесторлар жеткілікті. Енді бұған қажетті барлық қолдауды жандандыра отырып, қалдықтардың бөлінісі бойынша, яғни қағаз, шыны, металл және пластик қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорындарын құру жұмыстарын қолға алдық», дейді басқарма басшысы.

«Жасыл даму» АҚ осы салада­ғы қайталама шикізатты жинап, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға субсидия қарастырады. Айталық, биыл субсидиялауға 7,6 млрд теңге бө­лін­ген. Бұл – кәсіпкерлерді ын­та­ландыру және қайта өңдейтін компаниялар жұмысын жақсарту. Жергілікті билік жобамен айналысатын кәсіпкер немесе инвесторды қолдау үшін қажетті инфрақұрылымға (жол, электр желісі, су және газ құбыр­лары) көмектесу қажет. Демек қалдықтарды өңдеуге қатысты жобалар аяққа нық тұрғанша әр өңірдегі жергілікті басшылық оларды сүйемелдеу жұмысын атқарады.

Сонымен қатар министрлік қалдықтарды басқару саласын­дағы кәсіп­керлік субъектілерін тіркеуді жүр­гізген. Бүгінде салаға қатысты 1 200-ден астам кәсіп­керлік тіркеліпті. Субъек­тілер тізімі министрліктің интернет-ресурсында орналастырылған. Демек бұл коммуналдық қалдық­тар елдің кейбір аймағында қоқыс өңдеу кешендерінде сұрыпталады және өңделеді деген сөз.

Мысалы, Астана қаласында ком­муналдық қалдықтарды қайта өңдейтін «Astana Recycling Plant» зауытын, Алматы қаласында – «Green Recycle», Шымкент қала­сында – «ЭКО Шина», «Baikra», «Бумпром», «МПЗ Green Line», «Eco recycle», «Green Strap», «Ас-Пик» және «Еврокристалл» ЖШС, Атырау облысында – «EcoGreen Service», «Гринсити», Алматы облысында – «Қазақстан Қағазы» АҚ, «ДорПластИнвест» пен «Қазжа­сылтех» ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысында – «Радуга», «Green Park», Түркістан облысының Ордабасы ауданында – «Green Technology Industries», «Статус Эверест», Қарағанды облысында «Қарағанды қаласы­ның – Гор­КомТранс», «ТТК», «Ресайк­линг», «Қарағанды Экосервис», Қостанай облысында – «S.M.F system» тоқыма емес материалдар фабрика­сы, Жамбыл облысында – «Recycle Management Company» серік­тес­тіктерін және Павлодар облы­сындағы «Попов Илья» жеке кәсіпкерлігін осы қатарға жатқызуға болады.

Премьер-министр айтқандай, көп өңірлерде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды жинауға, оларды сұрып­тап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей тұр. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері көбейген әрі оны жою мәселесі шешімін табар емес.

«Халықаралық тәжірибе көрсе­тіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, барынша кәдеге жаратып жүр. Бізде жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айнал­ған. Бұл елді мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитарлық, экологиялық нор­маларға сай келмейді. Ми­нистр­лік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көбі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз», дейді Үкімет басшысы.

Миллиард теңге қоқыс премьер-министр

Тақырыпқа жаңалықтар