Назарбаев университеті айрықша мәртебесінен айырыла ма?
Назарбаев университетінде білім алу құнына қатысты бұрмалаушылық көбейіп тұр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
«Назарбаев университетінің мәртебесі «Назарбаев Университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері және қоры мәртебесі туралы» жеке заң нақты айқындалған. Сондықтан бірден айтайын, бұл заңды жоя алмаймыз немесе қандай да бір өзгерту енгізе алмаймыз, енгізбейміз де. Біздің мақсатымыз – осы университеттің жалпы әлеуетін сақтау. Бұл толыққанды зерттеу университеттерінің бірі. Қазір университет төңірегінде оқу құнына қатысты өте көп спекуляция жүріп жатыр. Іс жүзінде оның шындыққа сай еместігіне сендіргім келеді», - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Дегенмен, оның айтуынша, университеттің жоғары қамқоршылық кеңесі жасақталды. Оны Премьер-Министр басқарады.
«Университеттің қаржылық құрамдасын сауықтыру, сонымен қатар оның зерттеу әлеуетін күшейту бойынша нақты шаралар қабылданбады. Өйткені, тамаша базасы, инфрақұрылымы, зертханалары бар. Енді оны толыққанды пайдалану қажет. Сондықтан қандай да бір түзету іс-әрекеттері болады. Бірақ, университеттің жалпы мәртебесі мен бағытын өзгертейік деп отырғанымыз жоқ», - деді Саясат Нұрбек.