Олжас Бектенов «Жайлы мектеп» жобасын сынға алды
Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Жиында gремьер-министр «Жайлы мектеп» жобасын іске асыруда белгілі бір шикіліктер барын айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Үкімет басшысының айтуынша, мектептер әу бастан цифрлық камералармен жабдықталып, полицияның Жедел басқару орталықтарына жалғануы тиіс. Оған қоса жаңа, интерактивті оқыту әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін жылдамдығы жоғары интернет жүргізілуі керек.
Премьер-министр ұлттық жобаны іске асыруда белгілі бір шикіліктер барын айтты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы учаскелерді бөлу және жобалық құжаттаманы әзірлеу қарқынын сынға алды. Осыған байланысты барлық проблеманы қысқа мерзімде жою тапсырылды.
«Құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Жалпы Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз керек», деді ол.
Оған қоса Үкімет басшысы объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу процесін ұйымдастыру үшін салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз ету керек екенін айтты.
«Біз Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылады», деп түйіндеді Олжас Бектенов.