Оралхан Бөкейдің «Кербұғысы» сахнағландырылды
Павлодардағы Аймауытов театры Оралхан Бөкейдің «Кербұғысын» сахнаға шығарды. Пластикалық драмада қорықтағы маралдар мен бұғылардың өмірі баяндалады. Негізгі идеяда адамзат жауыздығының үстемдігі көрініс тапқан, - деп хабарлайды Arbat.media.
Павлодардың Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры биылғы жылдың алғашқы премьерасын ұсынды.
Премьераның атауы - «Кербұғы», Оралхан Бөкейдің аттас әңгімесінің желісімен қойылып отыр.
Жаңа қойылымда қорықтағы маралдардың табиғатпен етене тіршілігі, олардың адамдарға деген тым сенгіштігінің салдарынан құрбандыққа айналуының жайы сипатталады.
Драма режиссері Жангелді Садықовтың сөзінше, адам мен табиғат арасындағы қарама-қайшылық ұғымдарын жастар қауымы кеңінен түсіне білуі керек.
Ересектер мен жас ұрпақтың зердесіне экологиялық тәрбиені сіңдіруде мұндай қойылымдардың пайдасы зор болмақ.
Қойылымдағы басты рөлдерді Жасұлан Әмірхан, Темірлан Мұқатай сияқты жас актерлер сомдады.
Театрдың белді әртісі, ҚР мәдениет қайраткері Бейбіт Шәнім Қоңқай рөлін еш кіршіксіз ойнап шықты.