Қазақстан жаңалықтары6 маусым 2024, 15:23

Парижге кім барады?

60 кг салмақ дәрежесінде Париж Олимпиадасында Қазақ елі намысын қорғауға кімнің лайық екенін анықтау мақсатында Қазақстан дзюдо федерациясы (ҚДФ) үміткер үш балуанның арасында өзара белдесулер өткізуді құп көріп отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

7 маусымда Алматыда Нұрқанат Се­рік­баев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин татамиге шы­ғады. Үшеуінің де олимпиадалық рейтингтегі есебі түгел. Үздіктер тізімінде олар мынадай орындарға жайғасты: Нұрқанат – 15, Елдос – 22 және Мағжан – 24. Осы дзюдошылар арасындағы ең атақтысы – Сметов. 31 жастағы Жамбыл облысының тумасы Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтеріліп, бір алтын мен екі қоланы қанжығасына байлады. Сондай-ақ Елдос – Азия ойындарының жеңімпазы және құрлық чемпионы.

27 жастағы Мағжан – жастар ара­сындағы әлем біріншілігінің же­ңімпазы. Ол Гранд-Слэм турнир­лерінде 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальды иеленіп, Гран-при жарысында дара шықты. Сыр бойының саңлағы былтыр жарақат алуына байланысты алты айдан аса емделіп, таяуда қатарға қайта қосылды. Оралған бетте Душанбедегі додада күміс алса, Астанадағы сайыста жеңіліс тапты. Ал Атырау облысында дүниеге келген Нұрқанаттың жасы – 21-де. Кезінде ол жасөспірімдер арасында әлем және жастар арасында Азия чемпионы атанды. Былтыр ғана ересектер дуына қосылғанына қарамастан дарынды дзюдошы бірден тәуір нәтиже көрсете бастады. Серікбаевтың ең үздік көрсеткіші – 2023 жылы Ташкенттегі турнирде күміс және биыл Тбилисидегі тартыста алтын медальды олжалауы. Міне, осы үш спортшымыз бір-бірімен күресіп, солардың арасынан үздік шық­қаны Париж Олимпиадасында өнер көрсетеді.

Осыдан тура 20 жыл бұрын дәл осындай жағдайдың куәсі болған едік. 2004 жылы Афинада өткен Олимпия ойын­дары қарсаңындағы дзюдошылардың іріктеу бәсекелері кезінде 66 кг сал­мақта Ерлан Сілямбаев, Мұратбек Қып­­шақбаев және Арсен Хатип бір-бірімен айыздары қанғанша айқасты. Бұл тартыс Қыпшақбаевтың пайдасына шешілді. 73 кг салмақ дәрежесінде үміткер екеу еді. Олар – Асхат Шахаров пен Сағдат Садықов. Қазақтың қос саңлағының айқасы Садықовтың пайдасына ше­шілді. Сөйтіп, Мұратбек пен Сағдат ежел­гі Эллада еліне аттанды. Міне, араға 20 жыл салып, дәл сондай оқиға қай­таланып отыр.

 

Париж Олимпиадасы Ұлттық құрама спортшылар

Тақырыпқа жаңалықтар