Петропавлда әйел аулада жасөспірім қыздың шашын жұлып, қысым жасады
Петропавлда әйел өзінің қызын жақтап, аулада жүрген 10 жасар қыздың шашынан жұлды. Қазір болған оқиғаға қатысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға 10 тамыз күні Петропавлдағы Ухабов, 2 көшесіндегі аулада болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан әйелдің жасөспірім қызға келіп, қоқан-лоққы көрсетіп, шашынан жұлғанын көруге болады, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Менің жиенім Алиса Петропавл қаласы Радищев көшесі, 35 мекен-жайындағы аулада қыздардың қолындағы қораптан шалажансар жатқан мысықтың баласын көрген. Ол бірден ветеринарға апарған, алайда маман мысықты құтқаруға кеш екенін, өлетінін айтқан. Алиса оны үйге әкелген соң, жануар бірнеше сағаттан кейін өлді. Алиса қораптың иесі қызға барып, одан мысыққа не болғанын білмек болған, бірақ ол „Жаман иісі болғандықтан, мысықты мен азаптадым“ деп айқайлай бастаған. Алиса қызды итеріп жіберді, ол анасына шағымданды. Қыздың анасы жүгіріп шығып, жиеніме айқайлап, шашын жұлды. Әйел полицияны өзі шақырып, арызданды. Енді полиция Алисаны тәрбие көрмеген деп есепке алайын деп жатыр», — деп жазған осы оқиғаға қатысты Петропавл тұрғыны.
Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті бұл фактіні растады.
«Осы факті бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігінің 8-тармағы — „Көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты ұрып-соғу“ бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізеді. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады», — деп жауап берді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.