Қазақстан жаңалықтары6 қыркүйек 2023, 2:55

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары аяқталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапары аяқталды, деп хабарлайды Arbat.media.

Алматы облысына жұмы с сапары аясында ел Президенті Қонаев қаласына барып, облыс орталығының Бас жоспарымен танысты, - деп жазады ҚазАқпарат.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, бірегей жобаның – ұзындығы 1000 метр болатын су променадының құрылысы басталады. Оны алдағы уақытта 3000 метрге дейін жеткізу көзделген.

Президентке 67 әлеуметтік нысанды жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін интернетке қосу жобасының жүзеге асырылуы, сондай-ақ 5G жобасын одан әрі іске асыру үшін жалпы ұзындығы 104 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісінің төселуі жөнінде мәлімет берілді.

Сондай-ақ қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті үздіксіз мониторинг жасау мақсатында 412 бейнебақылау камерасы орнатылып жатыр. Алматы облысының мектептерінде қауіпсіздіктің интеграцияланған жүйесін құру аталған бастамалардың маңызды бөлігі саналады.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті «Lst Fgro» ЖШС жылыжай кешенін аралады. Кәсіпорында Қасым-Жомарт Тоқаевқа тамшылатып суару, тұмандандыру және көмірқышқыл газын өндіру жүйелері бар екені айтылды.

Жылыжай кешеніндегі климаттық, суару және энергетикалық жабдықтарды бақылау толығымен автоматтандырылған және арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ мұнда заманауи су тазарту технологиялары енгізілген.

Жетілдірілген голландиялық қызанақ өсіру жүйесін қолданудың арқасында компания өнімділіктің бірнеше есе артуына және өнімнің жоғары сапасына қол жеткізді, олардың көпшілігі экспортқа шығарылады.

Кешенді аралау барысында Мемлекет басшысы шығарылатын өнім түрлерімен танысып, жаңа жұмыс орындарын ашу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай инвестициялық жобаларды іске қосудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Президентке отандық өндірістегі құрылыс материалдарының кең ассортименті көрсетілді. Атап айтқанда, өнеркәсіптік және азаматтық нысандар құрылысының толық циклін қамтамасыз ететін тауарларды өндіру.

«Қазір құрылыс саласы бойынша өңірдің алдында ауқымды міндеттер тұр. Атап айтқанда, облыс орталығының құрылысы және G4 City жобасы. Бұл жұмыста жергілікті өнім өндірушілердің құрылыс материалдарының әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды. Бұл туралы мен өз Жолдауымда нақты айттым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Көрмеге 20-дан астам қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері қойылған.

Одан әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы Республикалық олимпиадалық дайындық базасында болып, Олимпиадалық даярлау орталығының құрылысымен танысты.

Мемлекет басшысы 2300 спортшыға есептелген және халықаралық стандарттарға сай келетін ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірінің инфрақұрылымын аралап көрді.

Сондай-ақ, базаның орталық алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылармен әңгімелесті. Ел Президенті бұқаралық және жастар спортын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазір негізгі күш-жігерді Олимпиада мен Азия ойындарына, сондай-ақ өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге дайындалу үшін жұмсау керек. Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Қалашықтың спорттық әлеуетін арттыра беруіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жұмыс сапарының соңында Мемлекет басшысы Сүлейман Демирел атындағы университетте болды. Президент жоғары оқу орнының білім беру, ғылыми-зерттеу қызметімен және одан әрі даму стратегиясымен танысты.

Университет ректоры Әлімжан Игенбаевтың айтуынша, мұнда Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия мемлекеттерінің азаматтарын қосқанда 8500-ден астам студент білім алып, 500-ге жуық профессор жұмыс істейді.

Университетті аралау барысында инженерлік-жаратылыстану факультетінің студенттері Президентке Formula Student инженерлік жарыс жобасы аясында әзірлеген және құрастырған автокөлікті сыйға тартты.

Ал студенттердің бірі, Ангола азаматы, 4 курс студенті Феррейра Элиша Мемлекет басшысымен қазақ тілінде сөйлесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұмыс сапары Бас жоспар

Тақырыпқа жаңалықтар