Қазақстан мен Марокко арасында визасыз режим енгізілмек
Қазақстан мен Марокко Корольдігі арасында визасыз режим енгізілмек. Екі ел үкіметтерінің ұлттық және жалпыазаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақстан атынан Премьер-Министрдің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу рәсімдейтін келісім достық қарым-қатынасты нығайту және екі мемлекет арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында әзірленген, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Бұл ретте бір тарап мемлекетінің азаматтары жарамды жалпыұлттық және жалпыазаматтық паспорт негізінде екінші тарап мемлекетінің аумағына келу, кету, транзитпен өту, уақытша жүріп-тұру үшін виза талаптарынан босатылады.
Бұл жағдайда әрбір келіп-кету кезеңінің ұзақтығы олар келген күннен бастап 180 күн ішінде күнтізбелік 30 күннен аспауы тиіс.
Бұл ретте аталған мерзімнен ұзақ уақытқа келетін азаматтар дипломатиялық өкілдіктен немесе консулдық мекемелерінен тиісті визаны алуы қажет болады.
Келісім 25 маусымға дейін қоғамдық талқыға шығарылып отыр.