Қазақстан жаңалықтары10 қараша 2023, 20:31

Қазақстанда 37 адамға педофил диагнозы қойылған

Соңғы кезде бала зорлау дерегі жиілеп кетті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Психиатр дәрігердің пікірінше, мұндай аса ауыр қылмыстың себебі көп. Сондықтан онымен түрлі деңгейде күресу керек екенін айтады, деп жариялады Kazinform.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директорының орынбасары Нәби Есімовтың айтуынша, кішкентайлар тек педафилдер тарапынан ғана емес, дені сау адамдар тарапынан да сексуалды зорлыққа ұшырауы мүмкін.

Фото: Нәби Есімовтің жеке мұрағатынан

«Балаларға зорлық көрсеткендерің ішінде педафилдермен қоса басқа да адамдар болатынын атап өткім келеді. Себебі, біз олардың қандай мотивте ондай азғындыққа барғанын білмейміз. Сондықтан әрбір адамды жеке қарастырып, жеке зерттеп барып оның педафилдік ауытқуы бар-жоғын анықтаймыз. Жалпы, біз педафилдікті халықаралық аурулар жіктемесінің 10-шы қаралуы бойынша қараймыз, яғни диагностикалық критерий анықтап береді: Құмарлығы бар науқас 18 жасқа толу керек және кем дегенде бес жас кіші адамға құмарлығы болуы керек. Тек осылай анықтай аламыз», - дейді ол.

Психиатрдың сөзінше, зорлыққа ұшыраған баламен міндетті түрде мамандар кешенді жұмыс жүргізуі тиіс.

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаға түбегейлі ем жүргізу қажет. Ең алдымен, олар психологтің көмегіне мұқтаж. Өз кезегінде психиатрлар психотерапиялық әдістермен ішкі жан дүниесіндегі негативті сыртқа шығаруы керек. Әлбетте, ана-аналардың да рөлі зор», - дейді маман.

Нәби Есімов елде қанша адамға педофил диагнозы қойылғанын атап өтті.

«Бізде педофил диагнозы қойылған науқастар бар. Егер олар зорлық-зомбылық жасаған болса, оларға мәжбүрлеп емдеу процедурасы тағайындалады. Қазіргі таңда Қазақстанда 37 адамға педофил диагнозы қойылған. Оларға химиялық кастрация түрінде мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылды және динамикалық бақылауға алынды», - дейді дәрігер.

Қазақстан педофил диагноз Статистика

Тақырыпқа жаңалықтар