Қазақстанда Абай есімді қанша адам бар?

Қазақстанда Абай есімді қанша адам бары анықталды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Биыл Ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толды. Осыған орай Ұлттық статистика бюросы оның есімімен байланысты қызықты деректер жариялады.

Мәліметке сәйкес, елімізде Абай есімді 18 763 адам бар. Оның ішінде 2089 адам Астана қаласында, 2018 адам Түркістан облысында және 1 719 адам Алматы қаласында тұрады.

Абай есімді ең егде тұрғын 1932 жылы дүниеге келген. 30-34 жастағы тұрғындар арасында Абай есімі ең көп қойылған. Олардың саны – 3228 адам. Биылғы бірінші жарты жылда туған 157 нәрестеге Абай есімі берілген.

Бұл есім қыз балаларға да қойылған, Қазақстанда Абай есімді 10 әйел тіркелген. Ибраһим (Ибрагим, Ибрахим) есімді азаматтардың саны елімізде 35 404 адам.

Айта кетейік, кеше, 7 тамыз күні Абай Құнанбайұлының 180 жылдығыны орай өткізіліп жатқан 10 күндіктің жетінші күні өтті.

Абай облысында ұлы ақынның 180 жылдығына орай 180 шақырымдық «Абай жолы» ультрамарафоны басталды. Қатысушылар Семейден Қарауылтөбеге дейінгі тарихи бағытты жаяу жүріп өтеді.

Абай тойына орай Семейде Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясының және Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабы көпшілікке таныстырылды.

 

 

Абай Құнанбай есім Мереке

Тақырыпқа жаңалықтар