Қазақстандағы электромобильдер: жай-күйі, сын-қатерлер мен келешегі
Фото: freepik.com
freepik.com
Қазақстан жаңалықтары3 қазан 2024, 16:00

Қазақстандағы электромобильдер: жай-күйі, сын-қатерлер мен келешегі

Қазақстанда Электромобиль дәуірі басталды. Автокөлік саласы сарапшыларының жариялаған мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 10 мыңға жуық «жасыл» автокөлік тіркелген. Бұл көрсеткіш - электрмен жүретін автокөліктерге деген сұраныстың артқанының дәлелі. Сұраныстың өсуі жыл сайын анық байқалады. Электромобиль сатып алатын адамдарға қолайлы жағдай туғызу үшін Мәжіліс депутаттары 2024 жылдың басында қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізетін заң жобасына бастамашы болғанын білеміз, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Ал 18 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

2023 жылдың 25 қарашасында Еуразиялық Экономикалық Комиссия кеңесінің отырысында Қазақстанның өтінішімен Еуразиялық Экономикалық Одақ аумағына әкелінетін электромобильдерді баж салығын төлемей өткізу мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Мұндай жағдай жаһандық технологиялық трендтерді тиімді дамытып, қолданысқа енгізуге кеңінен жол ашып отыр. Жаһандық трендтен қалыс қалмаймыз. Қазір әлемде электромобильдер сатылымы геометриялық прогрессиямен өсіп келеді.

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевтың айтуынша, электромобиль шығарудан көш басында тұрған Қытай 2030 жылға қарай жанар-жағармаймен жүретін автокөліктерден толықтай бас тартпақ.

«Электромобильдер сатылымы жыл сайын көз ілеспес жылдамдықпен өсіп келе жатқанын мынадай көріністен көріп отырмыз. Соңғы үш жылдық динамикаға үңілсек, 2020 жылы күллі әлемде 3 млн 240 мың электромобиль сатылған. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 43 пайызға көп. 2021 жылы 6,5 млн электрлі автокөліктер сатылды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 109 пайызға артық. 2022 жылы электромобильдер сатылымы жаңа рекорд орнатты, әлемде 7,8 млн дана көлік сатылды. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 17 млн-ға дейін өсті. Зерттеуші мамандар 2035 жылға қарай дүние жүзінде шамамен 130 млн. электромобиль болады деген болжам айтуда. Мәселен, Қытай 2030 жылға қарай жанар-жағармаймен жүретін автокөліктерден толықтай бас тартуды жоспарлап отыр», дейді ол.

2021 жылы Глазгода өткен Дүниежүзілік климат саммитінде әлемдегі 33 мемлекет (олардың қатарында Ұлыбритания, Аустрия, Польша, Түркия, Канада және т. б. бар) және General Motors, Ford, Mersedes, Volvo, Jaguar/Land Rover, BYD сияқты автокөлік шығаратын 6 ірі компания 2040 жылға дейін әлем бойынша іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктерден толық бас тартатынын жария етті.

Электромобильдер саны елімізде де көбейіп келеді. Мысалға, өткен жылы 1 қаңтарда Қазақстанда барлығы 812 «жасыл» автокөлік тіркелсе, биыл 1 қаңтарда олардың саны 7 793-ке өскен. Бұл – 9,5 есе өсім. Электромобильдерді ең көп қолданатындар – Алматы қаласының тұрғындары. Өткен жылы мегаполис тұрғындары сатып алған 3600 көлік тіркелсе, биыл жыл басында бұл көрсеткіш 4315 бірлікке ұлғайған. Одан кейінгі орында – Астана қаласы тұр, жыл басындағы көрсеткіш бойынша елордада 945 электромобиль тіркелген.

Ең бірінші түйткіл – инфрақұрылым. Табиғатқа ешқандай зиянын тигізбейтін электромобильдерге деген сұраныстың артуы қажетті инфрақұрылымды дамытуды талап ететіні сөзсіз. Мәжіліс депутаттары «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын әзірлегенде арнайы инфрақұрылымның жоқтығына айрықша назар аударды. Соның нәтижесінде «ҚР-дағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Автокөлік жолдары туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Жол жүрісі туралы» заңдарға түзетулер енгізілді. Осы заң аясында «электромобиль», «электр қуаттайтын станция» деген ұғымдар енгізілді. Заңдағы ең үлкен жеңілдік – коммуналдық ақылы автотұрақтарда электромобиль қожайындары үшін тегін тұрақ орындары болатыны нақтыланды. Бұдан былай әрбір елді мекенде электромобильдерді қуаттайтын станциялар салынуы керек.

Тағы бір жаңалық – еліміздегі электромобиль қожайындарыан әртүрлі салық жеңілдіктері де қарастырылған. Мемлекет басшысы жоғарыда аталған заңмен қатар, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқық бұзушылық туроалы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға да қол қойды. Бұл заң электромобильдерді қуаттайтын станциямен жабдықталған жерлерде көлік құралдарын тоқтату мен қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізеді. Мысалы, іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөлік иесі электромобильдерге арналған автотұраққа кіретін болса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 18 500 теңге айыппұл төлейді. Сондай-ақ заңда тұрғын аймақтардағы электр қуаттайтын станцияларды жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу мен бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігі анықтау нақтыланған. Жергілікті атқарушы органдарға электрмен қуаттайтын станциялар салуға шешім қабылдау: такси тұрақтарын, әуежайларда, вокзалдарда, 1 және 2 санатты стационарлық сауда және мәдени-ойын сауық нысандарын, демалыс парктері мен алаңдарды, даңғылдарды, көшелерді, орамдарды электрмен қуаттайтын станциялармен жабдықтау міндеттелген. Мемлекет пен бизнес тарапынан электромобиль нарығын дамыту және қолдау мақсатында ұтқыр ұсыныстар айтылып, тетіктер әзірленді. Солардың бірі – әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы кәсіпкерлерге электрмен қуаттайтын станциялар салатын жер учаскелерін аукционсыз беру. Бұл мәселе қазір жан-жақты пысықталып, құзырлы мемлекеттік органдардың келісімін алу, тетіктің тиімділігін болжау сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Электромобильдің артықшылығы мен кемшілігі қандай?

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ел аумағында зарядтау станциялары жеткіліксіз. Сарапшы-мамандар 10 мыңға жуық электромобильге 180 қуаттайтын станция қызмет көрсететінін айтып, бұл түйткілді оң шешуге нақты қадамдар жасалып жатқанын айтады. Кейбір әлеуметтік желілерде осындай станциялардың тізімі көрсетілген парақшалар бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңа заңда республика аумағында салынатын қалааралық жолдарға, айналма жолдарға қатысты норма бар. Алдағы уақытта жаңадан салынатын тас жолдарда электромобильдерге арналған станцияларды орнатуға орын қалдырылады және электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Электромобильдердің артықшылығы көп. Оны сатып алатын адамдардың санының көбеюі осыдан болып отыр. Қазақстан азаматтарына көліктің экологиялық таза түріне көшуі үшін мемлекет беретін квотаның барын біреу білсе, біреу білмейді. Электромобильдің қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Сондықтан мемлекет оны сатып алғанда кеден және салық төлемдерінен босататын квота беріп отыр. Осындай жеңілдіктерден бөлек, қарапайым азаматтар электромобильді басқа себептермен де таңдайды. Олардың ішінде өндіргіштік, динамикалық сипаттамалар бар. Сондай-ақ электромобильді қарапайым электр желісінен зарядтауға болады, бұл жанармай шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай көліктерде бөлшектер аз, сол себептен сирек бұзылады.

электромобиль Қазақстан

Тақырыпқа жаңалықтар