Қазақстан жаңалықтары16 мамыр 2024, 19:40

Қазақстандық ғалым қатерлі ісікті емдейтін препарат әзірлеп жатыр

NU жанындағы «National Laboratory Astana» Биоинженерия және регенеративті медицина зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Бауыржан Үмбаев қатерлі ісікті емдейтін препарат әзірлеу жолындағы ғылыми зерттеулері туралы айтып, қазақстандық ғылымның кемшіліктері туралы сөз қозғады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.  

Ғалымның айтуынша, орталықта ол көптеген ғылыми зерттеумен танысып, барлық бағыттың ішінде бағаналы жасушалардың қартаюының алдын алу тақырыбына қызығушылық танытты.

«Көптеген зерттеу инфаркт, инсульт және қант диабеті сияқты түрлі аурулар кезінде мезенхималық бағаналы жасушалармен жүргізілетін терапияның тиімді болатынын көрсетті. Алайда донордың жасы осы жасушалардың қызметіне әсер етеді. Егде жастағы адамдардың жасушалары жастардікіндей емес. Менің жұмысым бағаналы жасушаларды жасарту әдістерін іздеуге бағытталған», — дейді ғалым.

2020 жылы ғалымдар тобы NU қаржыландыратын The Collaborative Research бағдарламасы арқылы грант жеңіп алды. Олар ескі мезенхималық бағаналы жасушаларда CDC42 ақуызының белсенділігін тежеу жарақаттардың тез жазылуына әкелетінін дәлелдеді.

Сонымен қатар Бауыржан Үмбаев тоқ ішек қатерлі ісігін емдеуге арналған препаратты әзірлеумен айналысады. Бұл ауру кезінде CDC42 ақуызы шамадан тыс белсенді болып, ол қатерлі ісік жасушыларының көбеюі мен таралуына әсер етеді. Ғалым осы ақуыздың белсенділігін төмендету қатерлі ісік ауруын жеңуге әкелуі мүмкін дейді. Қазіргі уақытта ол қатерлі ісікке қарсы препаратты керекті жасушаларға жеткізу жолын табу бойынша жұмыс істеп жатыр.

«Біз қарастырып отырған жүйе үш негізгі компоненттен тұрады: CDC42-ге қарсы препарат, жүк көлігі ретіндегі нанобөлшектер және арнайы гель. Біз бұл жүйені зертханалық жағдайда оның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін жасушалар мен зертхана тышқандарын пайдалана отырып сынаймыз», - деді ол.

2022 жылы ғалымдар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің грантын жеңіп алды. Зерттеу нәтижесінде қатерлі ісік жасушаларының көбеюін, миграциясын және инвазивтілігін тежеуге қабілетті PEG-PLGA нанобөлшегі жасалды.

«Біз студенттерді өз зерттеулерімізге тартуға тырысамыз. Осы нанобөлшектің неғұрлым жетілдірілген түрін жасау жобасына NU Медицина мектебінің PhD студенті, бакалавриат студенті және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты қатысып жатыр. Сондай-ақ зерттеуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері тартылатын болады», - деді Б. Үмбаев.

Одан кейін Б. Үмбаев қазақстандық ғылым туралы өз ойларымен бөлісіп, оның кемшіліктеріне тоқталды. Ол Қазақстанда ғылым ешқашан, тіпті ең қиын кезеңдерде – 90-шы жылдары да өлмегенін айтты.

«Ғылымды қаржыландыру көрсеткіші өте төмен болған кездер есімде. Айтарлықтай өзгерістер 2019 жылы гранттарды бөлудің ашық жүйесі құрылып, қаржыландыру ұлғайған кезде басталды. Алайда көптеген қазақстандық ғылыми мекеме инфрақұрылымын жаңартуды қажет етеді: өңірлік жоғары оқу орындарында қажетті жабдық жоқ, ал ұлттық мекемелерде заманауи жабдық жоқтың қасы. Тағы бір мәселе – ғылыми конкурстардың, гранттар мен бағдарламалардың ұлттық кестесінің болмауы. Ғалымдар министрліктің байқауларына қатысу мерзімін жоспарлай алмайды», - дейді отандық ғалым.

National Laboratory Astana Қазақстандық ғалым Бауыржан Үмбаев қатерлі ісікті емдейтін препарат

Тақырыпқа жаңалықтар