Қазақстандық ғалымдар өсімдіктен сүт өндірмек
Қазақстандық ғалымдар сиыр сүтін алмастыратын ұнтақ жасап шығарды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Қазинформ жариялады.
Енді өсімдіктен де сүт алуға болады. Оған шикізат ретінде бидай, сұлы, қарақұмық секілді өсімдіктер қолданылады. Яғни, елде өсетін өсімдіктер ұнтақталып, биотехнологиялық әдіс арқылы құрғақ сүт өнімі жасалған.
Бұл қажеттілік лактозаға аллергиясы бар адамдар санының артуынан туындаған. Әрине, бұл әлемдік нарықта жаңалық емес. Бірақ, Қазақстанда алғаш рет отандық өнім ретінде жасалып жатыр.
Ғылым қорының аға ғылыми қызметкері Дана Тойымбаеваның айтуынша, бұл Қазақстандағы алғашқы әзірлеме. Яғни, бірінші технология.
Бұрын бізде өндіріліп көрмеген. Соны Қазақстанға әкеліп, көрсетіп жатырмыз. Отандық өнім. Арасында сапасыз өнімдер де кездесіп жатады. Сондай өнімдерді халық алмау үшін өзіміздің табиғи өнімді қолдануға мүмкіндік жасаймыз.
«Өсімдік сүті бидай, арпа, сұлы, күріш сынды табиғи өнімдерден алынады. Қосылатын қоспаларының өзі табиғи дәрумендерге толы. Шетелдік өнімдерге қарағанда бағасы да арзан. Сапасы да жоғары»,-дейді ғалым.
Сондай-ақ Дана Тойымбаева шетелдік өнімнің бағасы өте жоғары екенін атап өтті. Мың, тіпті екі жарым мыңнан асып кетеді. Ал, отандық өнімді өзіміз өндіретін болсақ, оны қарапайым халыққа қол жетімді, арзан бағада ұсына аламыз.