Қазақтың тері өңдеу кәсібін дамытуға қатысты ұсыныстар айтылды
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары8 қараша 2024, 12:00

Қазақтың тері өңдеу кәсібін дамытуға қатысты ұсыныстар айтылды

Ақтөбеде «Қазақтың дәстүрлі тері өңдеу кәсібі: тарихи тәжірибе, қазіргі күйі және даму перспективасы» атты бірінші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Өлкетанушы төл өнерді қайта түлету үшін өндіріс ашу керек деп санайды. Әзірге елімізде бұл бағытта ірі кәсіпорын жоқ. Мал терісін илеп, одан тұрмыстық бұйым жасау өнері әр өңірде әрқалай дамып келеді. Әсіресе шеберлер төл өнерді сақтауға септігін тигізіп отыр. Ақтөбеге жиналған олар тері илеу технологиясын таныстырып, өзара тәжірибе алмасты, өнерді сақтау, дамыту жолын талқылады, - деп хабарлайды Arbat.media.

- Өнердің жолында жүргеннен кейін сол өнерді түбіне дейін жеткізіп, халыққа таныту мақсаты бар бізде. Күй, ән өнерінде кенже қалып бара жатқан ештеңе жоқ. Бірақ тері өңдеу өнері кенже қалды. Ықылым заманнан бері адамзат теріге тәуелді болды деп айтсам болады. Қазақтың төл өнерінің бірі болғандықтан барлық тұрмыс-тіршілікте пайдаланды. Ыдыс-аяқ, ат әбзелдері мен қару-жараққа да тері қолданды. Ұлттық аспаптарды жасағанда да тері пайдаланды. Теріден қобыз, адырна, тұяқтас, даңғара, дауылпаз жасалды. Кейінгі кезде осы дудыға, керуіш жасайтын адам жоқ,- деді Мәдениет қайраткері Жолаушы Тұрдығұлов.

Ал ақтөбелік өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай ірі зауыттар салынуы тиіс деп есептейді.

- Теріні өндірістік дәрежеде дамыту жолға қойылса деген ұсыныс бар. Қазір ғылымда, өнерде, тұрмыста пайдалану үшін жекелеген кәсіпкерлік деңгейінде ғана қызығушылық бар. Бұл аз. Бұрын өндіріс болды. Ырғызда тері және май зауыты ашылды. Осыдан 130 жыл бұрын Ырғызда ашылған тері зауытын Нығметбай Ғаббасов деген татар басқарып, ол сыйға көлік те алған. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде тері зауыты ашылып еді, өнбеді. Қазір жоқ. Осыдан 99 жыл бұрын Мәскеуге хат жазылған. Төңкеріліске дейін қазақ даласындағы терінің 17%, жүннің 8 % игерілді. Қазір одан айырылып қалдық. 1935 жылы Ақтөбе, Солтүстік Қазақстанда, Семейде тері зауыты ашыла бастағанда ұсыныс жасаған Ұ. Құлымбетовті атып, тоқтап қалды. Зауыт әлі жоқ Қазақстанда,- деді өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.

Ақтөбе тері өңдеу ұсыныстар ғылыми конференция

Тақырыпқа жаңалықтар