ҚМА құпия деректер мен банктегі қаражатты ұрлайтын алаяқтарды тапты

Азаматтардың құпия деректері мен ақшалай қаражатын ұрлау мақсатында фишингтік хабарламаларды жаппай таратумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.

ҚМА мәліметінше, күдіктілер ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын имитациялайтын SMS-бластерді пайдаланған. Бұл құрылғы пайдаланушыларға жақын маңда тұрған жерде телефондардың автоматты түрде соған қосылып, қорғанысы әлсіз желіге ауысуына себеп болған.

 

Нәтижесінде абоненттердің телефондарына бірден жалған SMS-хабарламалар келіп отырған. Бұл құрылғы сағатына 100 мыңға дейін хабарлама тарата алады. Сонымен қатар, күдіктілер оны адамдар көп жүрген орындарда — базарларда және сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында пайдаланған.

ҚМА хабарламалар «Beeline» және «Halyk Bank» компаниялары атынан жіберілгендей көрініп, жиналған бонустарды айырбастау ұсынылатынын мәлімдеді.

 

«Сілтемеге өткен жағдайда пайдаланушылар фишингтік сайттарға түсіп, тауар таңдағаннан кейін жеке деректерін, соның ішінде телефон нөмірін, аты-жөнін, банк картасының деректемелерін, CVV-кодын, сондай-ақ SMS арқылы келген растау кодын енгізуге мәжбүр болған», деп хабарлады ҚМА.

 

Осылайша, күдіктілер азаматтардың құпия ақпараты мен қаражатына қол жеткізген.

Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынды. ҚМА бұл қылмыстық топтың ұсталуы — ТМД елдері аумағында осындай схеманың жолы алғаш рет кесілген жағдай екенін баса айтты.

ҚМА құпия дерек қаражат

Тақырыпқа жаңалықтар