Қуандық Бишімбаев сотта С.Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады
Экс-министр Қуандық Бишімбаев бүгінгі сот отырысында қазаның зардабын жан-дүниесімен сезінетінін айтып, марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
«Шын мәнінде маған сөз сөйлеу өте қиын. Мен түсінем және ешқандай кешірімнен үміттенбеймін. Бірақ бұл - менің адамдық борышым. Мына жерде жәбірленушілер, оның (С. Нүкенова - ред.) туыстары, ата-анасы отыр. Шынымды айтсам, алғашында оның өлімін ой-санаммен қабылдау қиын болды, - деп бастады ол. - Кешірім сұрағым келеді. Мен ешқандай кешірімнен дәметпеймін. Бірақ бұл - менің ішкі міндетім, жан-дүниемнің үндеуі. Мен бұл жоғалтудың салмағын бағамдаймын және оған қатысым бар екенін түсінемін. Бірінші айтқым келетіні осы».
Сондай-ақ, ол өзіне тағылған айыпты неге ішінара ғана мойындайтынын түсіндірді.
«Екіншіден, құрметті алқабилер, менің кінәлі емес екенімді, кінәмді мойындамайтынымды айта отырып мынаны түсіндіргім келеді. Құрметті, сот, процеске қатысушылар, мен өзімді жұбайым Салтанатты асқан қатыгездікпен саналы түрде ойластырып өлтірді деген айыпты мойындамаймын», - деді Қуандық Бишімбаев.
Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.
1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.
27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ. Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті.
29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті.