Қазақстан жаңалықтары14 мамыр 2024, 13:07

Шетелдіктер үшін көшпенділер визасы енгізіледі

Елімізде шетелдік азаматтар үшін қазіргі заманғы көшпенділер визасын енгізу мәселесі пысықталып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Визалық көші-қон режимі мәселесі туристер тарапынан көптеген шағым тудырады. Туроператорлардың хабарлауынша, шетелдік келушілер визалық көші-қон порталының техникалық ақауына байланысты виза алу кезінде қиындықтарға тап болады. Нәтижесінде туроператорлар шетелдік туристер үшін брондалған билеттерді алып тастауға мәжбүр. Осыған байланысты елге келгеннен кейін виза алу бойынша әуежайлардағы көші-қон қызметтерінде персонал санын көбейту және оның порталының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету ұсынылады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, мұнан бөлек виза алу рәсімдерін цифрландыру және оңайлату арқылы аталған режимді жетілдіру қажет.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шетелдік азаматтарға елде ұзақ мерзімді болу құқығын бере отырып, қазіргі заманғы көшпенділердің визасын енгізу мәселесі қаралып жатыр (жұмыс атауы – NEO Nomad Visa). Бұл шараны енгізуден күтілетін экономикалық нәтиже жыл сайын 3 млрд теңгеден асады. Қазіргі уақытта Neo Nomad Visa енгізу тетігі әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолданды», - деді Ермек Маржықпаев.

шетелдіктер көшпенділер визасы уризм және спорт министрі

Тақырыпқа жаңалықтар