Қазақстан жаңалықтары11 наурыз 2024, 19:14

Сот: Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамады

Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылып отыр. Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты істі прокурордың қайта қарауына жіберу сұралды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Құрметті сот, Қ. Бишімбаевтың құқығы мен бостандығын қорғау мақсатында тағылған айыптар негізінде және алдын ала тыңдау сатысында қылмыстық істің материалдарындағы Қылмыстық-процестік кодекске қайшы тұстарын жоюға, прокурорға қайтаруды сұраймын. Сондай-ақ, соттың негізгі сот ісін ұйымдастыруға және оның шегін анықтауға құқығы жоқ. Осы орайда, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қорғаушыны қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұраймын», - деді адвокат Назкен Құсайынова.

Сонымен қатар, Қ. Бишімбаевтың қорғаушысы экс-шенеунік әйелін «аса қатыгездікпен өлтірді» деген айыптаумен келіспейтінін айтты.

Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамады.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды.

Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Айта кетсек, биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді.

Биыл 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.

1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленген еді.

Қуандық Бишімбаев сот қайта қарау мойындамау

Тақырыпқа жаңалықтар