Су тасқыны: Ақтөбенің Жарық ауылында 17 үй берілді
Ақтөбенің Жарық ауылында 17 отбасы жаңа үйге көшті. Тасқын кезінде мұнда 24 үйге су кіріп, бүлінді. Қобда ауданының Жарық ауылында 83 үй бар. Тасқын кезінде 24 үйге су кірді. 5 отбасы Қобда ауданына көшіп, сол жақта үй салынды. Ал 17-сі ауылда қалып, осында құрылыс жүрді. Өзгесіне жөндеу жасалды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
- Тасқын кезінде барлығы мектепке эвакуацияланды. Содан кейін ауылда бос тұрған үйлерге бөліп, қоныстандырдық. Далада қалған ешкім жоқ, - деді Жарық ауылдық округінің әкімі Таңат Кенбаев.
Конституция күні мұнда адамдар жаңа үйге қоныстанды.
Су тасқынынан зардап шектік. Қазір бәрі жақсы. Бәріне алғыс айтамын. Үйіміз өте жақсы салынды. Біз қуаныштымыз, - деді Жарық ауылының тұрғыны Алма.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров сабырмен күткен тұрғындарға алғыс айтты.
- Бүгін біз үшін, сіздер үшін де айтулы күн. Қиындықтан аман-есен өтіп, елімізге маңызды мерекеде, қуанышта кездесіп отырмыз. Биыл сәуір айында кездесіп, біраз мәселені талқылап, 3-4 айдан кейін кездесуді жоспарлап едік. Президент тапсырмасы ауызбіршіліктің арқасында орындалды. Оған “Болат Өтемұратов” қоры демеушілік жасады. Шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Үйден айырылып, балалар да қиналды. Сабыр сақтап, шыдадыңыздар, алғыс айтамын, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Айта кетейік, тасқын кезінде Жарық ауылында бөгет бұзылған. Себебі Қобда өзені ағып, Елекке құяр тұста кері тепкен. Қазіргі кезде мұнда жол құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарына 313 млн теңге бөлінді. Барлығы 950 метр жол қалпына келтіріледі.