Тағы да ұшақ апаты: ұшқыш ажал құшты
Кеше, 22 наурызда Оңтүстік Африканың Салданья қаласында өткен Батыс жағалаудағы әуе шоуы кезінде жүздеген көрерменнің көз алдында ұшақ апатқа ұшырады, деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі мәлімет таратты. Алдын ала белгілі болғандай, ұшақ шоу кезінде толықтай бақылауда болған. Бірақ соңғы маневрден кейін кенет басқарудан шығып, төменге қарай құлдилай жөнеліпті.
Әуе шоу кезінде ұшақ тәжірибелі ұшқыш Джеймс О'Коннелл басқаруында болды. Ол апат кезінде қаза болды.
Шоуды ұйымдастырушылардың айтуынша, ұшқыш апат кезінде катапульталауды орындамаған. Дәрігерлер оқиға орнына апат болғаннан кейін екі минут ішінде жетті. Бұл уақытта апат болған ұшақ қирандысы отқа оранған еді.
Оңтүстік Африканың азаматтық авиация басқармасы ұшақ апатына не себеп болғанын анықтап жатыр.