Талдықорғанда DamuBala-ға қатысты дау туды
Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform
Kazinform

Талдықорғанда DamuBala-ға қатысты дау туды

Жетісу облысында балаларды тегін үйірмелерге қабылдау үшін ашылған портал небары 2 минуттан кейін жабылып қалған. Үйдегі ұл-қызын тіркей алмай қалған ата-аналар наразылықтарын білдірді. Жауаптылар жүйеде ақау жоқ деп отыр. DamuBala — 4 пен 17 жас аралығындағы балаларға арналған үйірмелерді іздеу және оларға жазылу платформасы. 28 қараша күні таңғы сағат 9:00–де порталдың ашылатыны жөнінде ата- аналарға алдын-ала хабарлама берілген. Бірақ 9:00–де ашылған портал 2 минут өтпей жабылып қалған. Мұның себебін сұрағандар облыс бойынша кезекте тұрған 2 мың бала толық тіркеліп үлгерді деген жауап алған, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Менің 4 балам бар. Екеуін суретке, біреуін ораторлық курсқа тегін бергім келді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Бірақ 9:00 -де база ашылды 9:02– де жабылды. Себебін сұрағанда, орын толып қалды деген жауап алдық. Мен өзім тіркей алатын ата-аналардың қатарынанмын. Қаншама ата-ана тіркей алмай отырды. Физикалық тұрғыдан қарағанда, 2 минут ішінде 2 мың орынды тіркеу мүмкін емес» — деді қала тұрғыны Арай Мүсәпірова.

120 секундта 2 мың бала тіркелді дегенге кәсіпкерлер де күмәнмен қарайды.

«Менің компьютерімнің жылдамдығы жоғары. Соның өзінде үлгермедім. Сайт жақсы жұмыс істеді, бірақ 2 минутта 2 мың бала жазылып кетті деу мүмкін емес қой. Платформаның қауіпсіздігі дұрыс сақталмаған. Боттар, хаккерлер кіріп толтырған сияқты», — деді кәсіпкер Нұрхат Сәбитов.

Наразы топ бұл жерде бір шикілік барына сенімді. Сондықтан құзырлы орган өкілдерінен тіркеудің қаншалықты заңды өткенін толық тексеруді талап етеді.

«Кезек 1-қаңтардан ашылып, 30-қарашаға дейін тұруы керек. Ал, ата- ана кез келген уақытта порталға кіріп, кезекке баласын тіркеуге құқылы. Ол нормативтермен бекітілген норма. Менің қазір қолдауымда жүрген 54 кәсіпкер және болашақта балам тегін білім алады, тегін оқиды деген ата- аналар зардап шегіп отыр», — деді заңгер Нұрлан Молбаев.

Ал, Жетісудағы жауапты басшылар мұнымен келіспейді. Айтуларынша үйірмелерге жазылуға ниет білдірген 8 мың баланың 2 мыңы — кезекте тұрғандар. Ата-аналар өздері электронды кілтпен порталға кіріп, тіркелуі керек. Жүйенің жұмысында заң бұзушылық болмаған.

«Жалпы бүгін 9:00-де ашылған портал арқылы 9:02–де 2 мың бала толып кетті. Ол баланың көптігінен деп ойлаймын. Біз ол порталдың ісіне араласа алмаймыз» — деді Жетісу облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Аслан Сарғожин.

Айта кетейік биыл Жетісу облысындағы балаларға арналған 813 тегін үйірме түріне бюджеттен 2 млрд 291 млн қаржы бөлінген. Жыл бойы сарылып күткен тіркеу көзді ашып-жұмғанша өте шыққанына күдіктенгендер енді құзырлы органдарға жүгінгенбекші.

DamuBala Талдықорған дау

Тақырыпқа жаңалықтар