Талғардағы адам өлімі: жасөспірім қандай жарақат алды
Фото: Pexels
Pexels
Қазақстан жаңалықтары10 қазан 2024, 3:51

Талғардағы адам өлімі: жасөспірім қандай жарақат алды

Талғар орталық аудандық ауруханасының дәрігерлері төбелес кезінде мерт болған жасөспірім Шерзат Болат пен оның туысы қандай жарақаттар алғаны туралы айтты. Талғар аудандық ауруханасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, жасөспірімді және тағы бір зардап шегушіні емдеу мекемесіне Шерзаттың әкесі 4 қазанға қараған түні сағат 00:58-де жеткізген, - деп хабарлайды Arbat.media.

«2008 жылы туған пациентті (Шерзат – ред еск.) туыстары өте ауыр жағдайда жеткізді. Оның сол жақ кеуде тұсында, 4-5 қабырға аралықта пышақ жарақаттары болды. Оған дереу медициналық көмек, жүрек-өкпе реанимациясы көрсетілді, бірақ нәтиже болмады. Биологиялық өлім тіркелді»,- деп хабарлады ауруханадан.

Екінші науқас, 1994 жылы туған ер адам (Шерзаттың ағасы – ред.еск.) да ауруханаға сағат 00:58-де түсті. Бірақ ол келесі күні таңертең шығып кеткен, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Науқастың алған жарақатына байланысты жағдайы орташа ауыр дәрежеде деп бағаланды. Дәрігерлер оған жабық бас ми жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде органдарының жабық жарақаты диагнозын қойды. Бұдан бөлек, науқастың аяқ- қолы көгерген, бастың маңдай аймағы сырылған, желке тұсында гематома пайда болып, жұмсақ тіндері ісіп кеткен»,- деп атап өтті ауруханадан.

Төбелес салдарынан тағы бір жігіт зардап шеккен, ол ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Оған медициналық көмек көрсетіліп, қазір амбулаторлық ем қабылдап жатыр.

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам мерт болған.

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.

Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.

Кейін әлеуметтік желіде жанжалдың бейнежазбалары жойылды деген ақпарат тарады.

 

Талғар өлім диагноз Шерзат Болат

Тақырыпқа жаңалықтар