Қазақстан жаңалықтары3 шілде 2024, 12:42

Тоқаев: Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Сізбен елордамыз – Астанада жүздесіп отырғанымызға өте қуаныштымын. Сіз бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Зор ризашылығымды білдіремін. Бұл ең алдымен Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін одан ары нығайтуға деген ұмытылыстың айқын көрінісі деп бағалаймын. Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықтықты нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгелерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті деп айтуға болады», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстар тұрақты әлеуметтік, экономикалық дамуға, халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отырғанын баса айтты, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі таңда 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны - 14,5 млрд доллар. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік, транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды. Сонымен бірге екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары жандана түсті. Жоғары мәртебелі Төраға! Осы жетістіктердің бәрі Сіздің жеке қолдауыңыздың арқасында табысты жүзеге асқанын айрықша атап өткім келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жаңа алтын кезеңі Тоқаев

Тақырыпқа жаңалықтар