Тоқаев Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа спорт саласын кешенді реформалауға қатысты бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ербол Мырзабосынов балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау, халықаралық ынтымақтастықты арттыру, спортқа ғылыми тәсілдерді енгізу, бюджет қаражатын оңтайландыру және заңнамалық базаны жетілдіру жөнінде есеп берді.
Биыл күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Аталған заң бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, спортты дамыту үшін оның басым түрлерін айқындауға, кәсіпқой клубтарға төленетін төлемдерге лимит енгізуге бағытталған.
Шетелдік туристерді тарту және заңнамалық базаны жетілдіру шаралары туралы баяндады.
Президент тапсырмасы бойынша Щучье-Бурабай курорттық аймағы мен Маңғыстауды дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Алматы тау кластерін дамыту жоспары дайындалып жатыр. Сондай-ақ курортты өңірлерді өркендетуге арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді.
Мемлекет басшысы министрге бірқатар міндет жүктеді.
Атап айтқанда, вертикальді басқару жүйесін енгізуді жалғастыру, футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету қажет. Бұдан бөлек, туризм саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру маңызды міндет ретінде аталды.