Ұшақта мас күйінде тәртіп бұзған астаналық әнші рейстен түсіріліп, айыппұл төледі
Елорда тұрғыны, мәдениет саласының қызметкері Шымкент-Астана бағытындағы әуе рейсінде қоғамдық тәртіпті бұзған. Мас жолаушы жауапқа тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлім етті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
«Өткен жылдың 18 желтоқсанында 7308 Шымкент-Астана рейсінде FlyArystan компаниясы өкілінің актісіне сәйкес жолаушы Нұрымбетов (Бауыржан Нұрымбетов) әуе рейсінен түсірілді. 1982 жылы туған елорда тұрғыны Целиноград аудандық (Ақмола облысы) мәдениет үйінде жұмыс істейді. Ол мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзды», — деді Қайсар Сұлтанбаев.
Комитет басшысының айтуынша, биыл 17 қаңтарда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен азамат Б. Нұрымбетов әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жауапқа тартылған.
Оған 15 АЕК, яғни 55 380 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде Бауыржан Нұрымбетов есімді әртістің бары белгілі болды.