Зеленский Тоқаевқа қоңырау шалды
Зеленский Тоқаевқа қоңырау шалды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне және тіліне ерекше құрметпен қарайтынын атап өтті.
“Мемлекет басшысы Қазақстанның Украинада халықаралық құқық қағидаттары негізінде бейбітшілік орнауына сөзсіз мүдделі екенін жеткізді. Атап айтқанда, Президент Астананың әуел бастан әділдік негізінде бейбітшілік формуласын бірлесе іздеуді жақтағанын, БҰҰ Жарғысын, мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қолсұқпаушылық қағидатын сақтау туралы жүйелі түрде пікір білдіргенін еске салды”, – делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргідей өте күрделі жағдайда Украина мемлекеттілігін сақтау мен қорғауды қамтамасыз ете отырып, қақтығысты байыпты түрде шешу маңызды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Украинамен өзара мүддеге сай келетін түрлі салада белсенді ынтымақтастық құруға ниетті екенін атап өтті.