Жолға таласқан жүргізушілерді арнайы жасақ қызметкерлері ажыратып алды
Жолға таласқан жүргізушілерді арнайы жасақ қызметкерлері ажыратып алды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Оқиға 17 қараша күні Атырауда болған. Жол үстінде бір-біріне жол бермеген жүргізушілер ерегесіп, бірінің қолы сынып, жарақат алған. Мұны жәбірленуші тарап видеоға түсіріп алған. Айтуларынша, Hyundai көлігінің жүргізушісі жол бермей алға түсіп алып, қайта-қайта тежегішті басқан. Осылайша апатты жағдай тудырған.
Осыдан кейін екі жүргізуші жол шетіне тоқтап жағдайды төбелеспен шешпек болған. Видео авторы көліктен шығамын дегенше Hyundai көлігінің жүргізушісі Toyota иесінің қолын сындырған. Сол сәтте "Арлан” жасағы жаға ұстасқан екі жүргізушіні ажыратып алды.
Toyota жүргізушінің қолы сынып, оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Олар араға бір минут салмай жетті. Кейін оның басқа шақыртуға бара жатқаны анықталды. Жедел жәрдем жәбірленушіні медициналық көмек көрсету үшін алып кетті.
Құқық бұзушының көлігі айып тұрағына қойылды. Оған “Бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалды.