Үш баласын үйінен қуып шыққан: Шымкенттің экс-әкімінің бауыры қамалды
Астанада бұрынғы әйелі мен үш баласын тұрып жатқан үйінен мәжбүрлеп шығарған ер адам қамалды. Кеше елорда тұрғыны Дана Атешова бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновтың полицейлермен және жеке сот орындаушылармен бірге үйіне келіп, балаларды бір-бірлеп үйден мәжбүрлеп шығарғанын, өзін соққыға жыққанын әлеуметтік желіде жариялаған. Астана полициясы тергеу басталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Жеке сот орындаушылары үйден шығару туралы сот шешімін орындап жатқанда бұрынғы ерлі-зайыптының арасында жанжал туды. Күш қолдану дерегі бойынша Әйтеновке қатысты тергеу басталды. Тиісті сараптама тайындалды. Соның нәтижесіне қарай процессуалды шешім қабылданады» дейді ведомстводан.
Бүгін адвокат Дамир Ишмаметов әлеуметтік желідегі парақшасында Марат Әйтеновтың қамауға алынғанын жеткізді.
Айтуынша, ертең Әкімшілік кодекстің 73-бабы бойынша тергеу соты болады.
«Қылмыстық кодекстің 108-бабы, 1-бөлімі бойынша іс қозғалды. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, күдіктінің әрекетінде өзге де қылмыстың белгілері бар, полициядан жаза қолдануын талап етеміз. Сондай-ақ ер адам әйелді ұрып жатқанда араласпай құр қарап тұрған полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр. Біреуі тіпті сот орындаушыларына көмектесіп, баланы жылаған күйі көтеріп сыртқа шығарып тастады», — дейді қорғаушы.
Сонымен қатар, Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева бала құқығының бұзылуына байланысты Бас прокуратурадан шара қолдануын өтініп ұсыным жолдаған.
Айта кетейік, Марат Әйтенов — Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтың туған бауыры. Мұрат Әйтенов 2020-2023 жылдары Шымкентті басқарған. Былтыр қыркүйекте Президент Жарлығымен қызметінен босатылды.