Исмаил Ханияның қазасы: Түркия, Иран, йемендік хуситтер мен «Хезболла» Израильге қоқан-лоққы көрсетті
Иранның жаңа президенті Масуд Пезешкиан Тегерандағы ХАМАС көшбасшыларының бірі Исмаил Ханияның қазасын қатаң сынға алып, Иран «өзінің аумақтық тұтастығын қорғайтынын» айтты. Пезешкиан сонымен қатар «лаңкестік басқыншылар өздерінің әрекеті үшін өкінетінін» айтты. Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи Ханияның қазасы үшін «қатаң жаза қолдану — Тегеранның міндеті» екенін мәлімдеді, деп жазады BILD.
Йемендік хуситтердің өкілдері де Ханияның қазасына қатысты пікір білдірді. Олар ХАМАС жетекшісінің өлтірілуін «ауыр террористік қылмыс» және «заңды өрескел бұзу» деп атады. Сонымен бірге йемендік хуситтердің өздері де соңғы айларда Қызыл теңіз бен Аден шығанағындағы кемелерді Израиль порттарында байланып қалмау үшін зымыранмен атқылауға көшкен.
Ханияның қазасынан кейін «Хезболла» лаңкестік ұйымы Израильге қоқан-лоқы жасап үлгерді. Хезболланың мәлімдеуінше, оның қазасы «Израильге қарсылықты одан сайын күшейте түседі».
Бұған қоса Түркияның Сыртқы істер министрлігі де ресми түсінік берді. Түркия Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, «Ханияның қазасы Газадағы соғысты халықаралық ауқымға кеңейтуге бағытталған».
Израильдің Мәдени мұра министрі Амихай Элиягу өз кезегінде Ханияның қазасына қуанышты екенін жасырмады.
- Ханияның өлімі әлемді біршама жақсартады, - деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Осыған ұқсас пікірді ХАМАС содырлары Газа секторына алып кеткен Матан Зангаукердің анасы Эйнав Зангаукер де білдірді.
- Қанішер ХАМАС жетекшілерінің орны тозақта және біз олардың өз жазасын алғанын қалаймыз. Бірақ біз Ханияның қазасымен тоқтап, жақындарымызды тұтқында өлтіруге жол бере алмаймыз, — деді Зангаукер.
БҰҰ мен НАТО Исмаил Ханияны өлтіру туралы әлі түсінік берген жоқ.