АЭС халықаралық консорциум негізінде салынады, құрылыс 10 жылға жоспарланды
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары9 қазан 2024, 10:00

АЭС халықаралық консорциум негізінде салынады, құрылыс 10 жылға жоспарланды

Үкімет АЭС халықаралық консорциум негізінде салынатынын растады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр атом электр станциясының құрылысына қай мемлекеттерден мердігер тартылатыны 2025 жылы нақтыланады деді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:

— Халықаралық консорциумға кімдер мүше болатыны, құжаттама қашан дайындалатыны, мердігер бойынша шешім қашан қабылданатыны келесі жылы белгілі болады. Техникалық-экономикалық негіздемені дайындауға бір жыл, жоба-смета құжаттамасына бір жарым жыл кетеді. Содан кейін ғана құрылыс басталады. Жауапкершілік өте зор, өйткені АЭС қауіпсіздігі бәрінен жоғары.

Жалпы құрылыс 10 жылға жоспарланып отыр. Сондықтан Үкімет мүшелері осы уақыт аралығында нысанның құрылысына бас-аяғы қанша қаражат кететінін кесіп айта алмады. Себебі жыл сайынғы инфляция бастапқы болжамдарды ығыстырып, құрылыс материалдарына кететін шығынның екі есе қымбаттауы мүмкін деді Роман Скляр.

Консорциум негізінде бой көтеретін АЭС-ті бес мемлекет салмақшы. Әзірге Қазақстан тарапының өзге мемлекеттерге қоятын шарттары мен талаптары әзірленбеген.

Референдум енді аяқталғандықтан, заңды құжат мәмілелер алдағы бір жылда қолға алынбақ.

Ал бұған дейін шорт-параққа ілінген елдер тізімде қалу-қалмайтыны әзірге беймәлім.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары:

— АЭС өзі бір ғана емес, брнеше нысаннан құралады. Соған сәйкес, құрылымы да әртүрлі болады. Біздің міндетіміз — әр елдің жақсы, озық деген технологиясын пайдалану. Халықаралық тәжірибеде мұндай тәсілдер сәтті қолданылған. Бастысы — энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балқашқа зиянын тигізбеуді қатаң қадағалаймыз.

АЭС халықаралық консорциум Роман Скляр

Тақырыпқа жаңалықтар