Ақмола облысында КамАЗ-дың қатысуымен жол апаты болды

Ақмола облысында тасжолда жеңіл автокөлік пен жүк көлігінің қатысуымен жол апаты орын алды. Жол-көлік оқиғасының салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бірі зардап шекті, деп хабарлайды Arbat.Media.

Instagram желісіндегі kokshetautodayпарақшасында видео жарияланып, Көкшетау-Астана тасжолында Кенесары ауылының маңында түнгі уақытта жол апаты болғаны хабарланды.

Бейнежазбаның астында Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апатына қатысты пікір білдіріп, оқиғаның мән-жайын айтты. Полицейлердің ақпаратына сәйкес, 26 қыркүйекте Астана-Петропавл автожолының 289 шақырымында Hyundai Santa Fe мен КамАЗ-55111 көліктерінің қатысуымен жол апаты болды.

"Жол апаты салдарынан Hyundai Santa Fe көлігіндегі 16 жастағы жолаушы қыз жедел жәрдем көлігінде қаза тапты. 65 жастағы жолаушы түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді", - деп хабарлады полиция өкілдері.

Қазіргі уақытта жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.

Ақмола облыс тасжол Апат

Тақырыпқа жаңалықтар