Аштықтан жүре алмаған 6 жасар бала ауруханаға жеткізілді
Алматы облысы аумағында прокуратура полиция департаментімен және басқа мүдделі органдарымен бірге «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Жоба балалардың құқығын қорғауға бағытталған және зорлық-зомбылық көру қаупі бар немесе оған ұшыраған балаларды анықтайды.
«Полиция және пробация органдарында есепте тұрған тұлғалар, тұрмысы қолайсыз, толық емес және табысы аз отбасылар, сондай-ақ балалар өгей әкелерімен тұратын отбасылар тексеріп, Іле ауданында аштықтан жүдеу, сөйлеуге және жүруге мұршасы қалмаған 6 жасар Ч.М. анықталды. Бала «екі жақты пневмония» диагнозымен ауруханаға жатқызылды», – дейді прокуратура.
Баланың ата-анасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.
«Райымбек ауданында 3 баласы аштықтан жүдеген отбасы анықталды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, қысқы қиім сатып алынды. Екі бала жазылған соң балабақшаға, ал үлкені мектеп-интернатқа орналастырылады. Балқаш ауданында 3 отбасында өгей әкелері балаларды ұрып-соққаны анықталды. Полиция органдары кінәлі тұлғаларға қатыcты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады», – дейді прокуратура.