Қазақстан жаңалықтары19 ақпан 2024, 10:12

Бала қауіпсіздігі неге күрделеніп барады?

Бүгінде бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі мәселесінің күрделене түскенін ешкім жоққа шығара алмайды. Отбасындағы тұрмыс тауқыметімен қоса, сыртқы әсердің ықпалы да бала тағдырына көлеңкесін түсіріп тұр. Қабырғасы қатып, буыны бекімей жатып жүрісінен жаңылған, маңдайы тасқа тиген жасөспірімдердің бұралаң тағдыры алаңдатпай қоймайды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Жуырда Жамбыл ауданы Таран ауылдық округіне қарасты Балғабек ауылында төрт баланың қол-аяғын байлап-матап, ұрып-соғып, пышақпен қорқытқан ер адамның қатыгездігі әшкере болды. Жалғызбасты, 2-топтағы мүгедек әйелдің үйіне баса-көктеп кірген ер адам оның төрт баласын аямай ұрып-соққан. Балалардың жанұшыра жылаған даусын естіп келген көршілері оларды қатыгездік құрбаны болудан арашалап қалды. Бұл кезде балалардың анасы үйде болмаған.

Көп ұзамай Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов күдіктінің қолға түскенін хабарлады.

«Кәмелетке толмаған балаларға шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытты ол аудандық поли­ция­ның уақытша ұстау изоляторында отыр, тергеу жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, күдікті Алматы облысының Қара­сай ауданында ұсталды. Тергеу барысын жеке бақылауыма алдым. Өзге ақпарат Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», деді ол.

Осы оқиғадан кейін облыстық денсау­лық сақтау басқармасының өкіл­деріне хабарласып, күдіктінің қолынан жапа шеккен балалардың жай-күйін сұрап- білген едік. Балалардың үлкені – 13, одан кейінгілері – 12, 10 және ең кішісі 8 жаста екен. Ер адамның қолынан оңбай қорлық көрген төрт баланың екеуіне амбу­латориялық ем тағайындалса, миы шай­қалып, қатты жарақат алған кіші­сі Алматы облыстық көпсалалы кли­никалық ауруханасының балалар бөлімшесіне жатқызылған. Дәрігерлер төртінші баланың денсаулығына еш зақым келмегенін анықтаған.

«Қорлық көрген 4 баланың бірі ауруханаға жатқызылды, қалған үшеуі аналарының жанында. Олармен мектеп психологтері жұмыс істеп жатыр», деді Алматы облысы бойынша Бала құқығы жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова.

Бейкүнә балаларға зәбір көрсеткен күдікті заң алдында өз жазасын алар. Әйтсе де, бала жүрегінде қалып қойған қорқыныш пен үрейдің емделуі оңайға соқпасы анық. Қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ұшырамай, мейірім мен махаббатқа құндақталып өскен баланың болашағы жарқын, мақсаты айқын боларын әр ата-ана мен жанашыр ж­а­қын­дары қаперден шығармаса екен.

Қоғамның кеселіне айналған бұл келеңсіздік Алматы облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының бас­ты тақырыбына да айналды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым төрағалық еткен отырысқа комиссия мүшелері мен прокуратура өкілдері, құқық қорғау қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары қаты­сып, күн тәртібінде өзекті 6 мәселені тал­қылады.

Жиында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Айғана Асанова былтырғы жылы кәмелетке тол­мағандар арасындағы құқық бұзу­шылықтар туралы баяндады. 2023 жылы балалар арасында 112 қылмыс жа­салған. Бұл сан алдыңғы, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 58,9 пайызға өскен. Оның дені қорқытып-үркіту, қорлау, ұрып-соғу фактілерін құрайды. Өкініштісі сол, бұл көрсеткіш жыл са­йын еселеніп келеді. Балалардың құқығын қорғау мақ­сатында мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді шара­лар­ға қарамастан, жасөспірімдердің зардап шегуі тыйылмай тұр.

Ең сорақысы, кәмелетке толмаған­да­рға қарсы жыныстық қылмыстың 109 дерегі тіркелген. Оның 38-і – зорлау, 35-і – сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық, 29-ы – басқа да нәпсілік сипаттағы әрекет, 5-еуі жас балаларды азғындық жолға салу.

«Кә­ме­­летке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстардың көшін осы аудан бастап тұр. Мұнда жас­өспірімдердің көбі балалар қамқор­шы­ларының қатыгездігіне тап болған», деді баяндамашы.

«Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ауданда құ­рылған мобильді топ өгей әке-шеше­мен тұратын 88 отбасы мен про­ба­циялық бақылаудағы 25 отбасын аралау кезінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабымен – 1, 73-бабымен – 3, 440-бабымен – 1, 442-бабымен 2 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Одан бөлек мобильді топ психологтің әңгімелесуі кезінде кәмелетке толмаған бала­ларға қатысты жоғары сынып оқу­шы­лары мен мұғалімдер тарапынан буллингтің 3 фактісі және өгей әке тарапынан кәмелетке толмаған баланы ұрып-соқ­қаны туралы 3 дерек анықталған.

 

 

 

бала қауіпсіздігі бала тәрбиесі Алматы облысы

Тақырыпқа жаңалықтар