«Біреудің қоржынына қол салмау керек»: Марат Омаров Нұрлан Өнербаевтан «Анашым» әнін неге тартып алғанын айтты
Белгілі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев 37 жыл айтқан «Анашым» әнін енді орындамайды. Мұның себебін әннің авторы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаров түсіндірді, деп хабарлайды Arbat.Media Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеп.
– Нұрлан әнді халыққа жеткізді, баритондық тембрімен ерекше етті. Бірақ жылдар өте халық оны Өнербаевтікі деп қабылдап кетті. Тіпті, караокелерде де Нұрлан Өнербаевтың аты жазылады, ал авторлар жайлы бір мәлімет жоқ. Мұны маған жұртшылық та жиі айтты. Жақында әннің сөзін жазуға атсалысқан марқұм Қайрат Жұмағалиевтің қызы хабарласты. Әкесінің есімі аталмайтынына ол да қапалы, – деді композитор Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.
Марат Омаров біреудің қоржынына қол салмау қажеттігін жеткізді.
– Кезінде белгілі сазгер Кеңес Дүйсекеев, Шөмішбай Сариев те «Нұрлан әнді танытады, керемет жеткізеді, бірақ оның авторларын танытуға еш әрекет жасамайды» деп айтатын. Өнер жұлдызы Ержан Белғозиев те «Бауырды сағыну» деген әнімді айтады, бірақ авторы жайлы қозғамайды» деп ренішін білдірді, – дейді ол.